Тимур мен Динара Құлыбаевтардың «Алмэкс» холдингі арқылы бақылайтын қазақстандық Halyk Bank Өзбекстанның төлем жүйелерінің біріндегі үлесті сатып алуға келісті, деп хабарлайды Orda.kz.
KASE-дегі ақпаратқа зер салсақ, Halyk Bank Өзбекстанның «Click» АҚ компаниясымен стратегиялық келісім жасасты. Банк АҚ-ның 49% үлесін сатып алады, оның орнына Өзбекстандағы Tenge Bank үлесін Click акционерлеріне сатады.
Halyk Bank Click акциялары үшін 176,4 млн доллар төлейді. Ал Tenge Bank 49 пайыз үлесін үш есеге жуық арзанға, 60,76 млн долларға сатады. Барлық заңды тұлғалар дербес болады. Екі елдің қаржы реттеушілері ресми мақұлдау бергеннен кейін мәмілелерді аяқтау жоспарланады.
Click – қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға арналған цифрлық өнімі бар Өзбекстандағы төлем жүйелерінің бірі. Компания 2011 жылдан бері жұмыс істейді. Бақылау кеңесі мүшелерінің қатарында Илхом Азимов пен Жахонгир Усманов атты кәсіпкерлер бар.