Ақтөбе халықаралық әуежайындағы «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС (ҚМГ-ның еншілес компаниясы) арнайы техника паркі жаңа заманауи жанармай құю автокөлігімен толықты. Оның көлемі — шамамен 28 мың литр, деп хабарлайды «Тілші» Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеп.
Өңірлердегі әуе айлақтарының инфрақұрылымын жаңғырту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің әуежайларын заманауи халықаралық авиациялық хабқа айналдыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүргізілуде. Сондай-ақ бұл отын инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік беріп, жаңа әуе тасымалдаушыларды тартуға ықпал етеді.
Өндіруші компания мамандандырылған автокөлікті Қазақстанның климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, арнайы техникалық тапсырма бойынша жасаған. ҚМГ-Аэро сарапшыларының ұсыныстарын негізге алып, енгізілген инженерлік шешімдер ауа температурасы -45 °C дейін аязда да сүзу тораптары мен отын беру жүйелерінің тұрақты әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етеді.
«Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ тарапынан барлық қажетті рұқсат беру рәсімдері аяқталғаннан кейін техника рейстерге тұрақты қызмет көрсетіп, әуе кемелеріне жанармай құю үшін қолданылатын болады.
Заманауи жанармай құю машинасының іске қосылуы жердегі лайнерлердің айналым уақытын айтарлықтай қысқартып, қызмет көрсетудің жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді. Мұндай өндірістік процестерді оңтайландыру әуежайлардың үздіксіз әрі тиімді жұмысын қамтамасыз етуде ерекше маңызды.
