Әлем

Каракас отқа оранды: Трамп Венесуэлаға әскери соққы жасауға бұйрық берді

Фото: AFP

Венесуэла астанасы Каракаста жойқын жарылыстар болды. АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэла аумағындағы әскери нысандарға шұғыл соққы жасауға бұйрық берді. Бұл туралы америкалық шенеуніктер CBS News телеарнасына хабарлады, деп жазады «Тілші» BBC-ге сілтеп.

Әзірге Ақ үй мен Пентагон ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Алайда жағдайдың ушыққаны соншалық, Венесуэла президенті Николас Мадуро елде төтенше жағдай енгізді.

Ресми Каракас болған жағдайды қатаң айыптады.

«Венесуэла халықаралық қоғамдастық алдында Құрама Штаттардың қазіргі үкіметі жасаған өте ауыр әскери агрессияға қарсы, оны айыптайды», – делінген Үкімет таратқан хабарламада.

Мадуро билігі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне жүгініп, АҚШ-ты жауапқа тартуды талап етті.

Бұл шабуыл кенеттен болған жоқ. Еске сала кетейік, 2025 жылдың қыркүйегінен бері АҚШ әскерилері Кариб теңізі мен Тынық мұхитының шығыс бөлігінде 20-дан астам кемені жойып жіберген. Вашингтон бұл кемелер арқылы есірткі тасымалданды деп айыптаса, Венесуэла мұны «теңіз қарақшылығы» деп бағалаған еді. Осы операциялар барысында кемінде 100 адам қаза тапты.

Бір қызығы, бейсенбі күні ғана Николас Мадуро АҚШ-пен есірткі трафигіне қарсы күрес бойынша келіссөз жүргізуге дайын екенін айтқан болатын. Алайда Дональд Трамп бұған дейін де ескерткендей, нақты әскери қимылдарға көшуді жөн көрген сыңайлы.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  "Ресейден көңілім қалды": Трамп Ресейдің энергетика ресурстарын сатып алып отырған мемлекеттерге қарсы санкция енгізуі мүмкін

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *