Ақтөбеде интернет-алаяқтарға қолғабыс еткен Павлодар қаласының тұрғыны ұсталды. Ол жеңил ақша табамын деп жүріп, қылмыстық топтың құрығына ілікті. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары күдіктінің заңсыз әрекетін толығымен әшкереледі, деп хабарлайды «Тілші» Ақтөбе облысы прокуратурасына сілтеп.
Тергеушілер анықтағандай, күдікті алаяқтардың ұрлаған ақшасын қолма-қол қаражатқа айналдырып отырған (мұндай адамдарды «дроппер» деп атайды).
Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, күдікті 2025 жылдың сәуір айында «Telegram» мессенджері арқылы белгісіз тұлғалармен қылмыстық келісімге келген. Топ ішінде рөлдер нақты бөлінген: негізгі алаяқтар азаматтарды алдап, шотына ақша түсірсе, павлодарлық азамат сол қаражатты шешіп алып, сыбайластарына табыстап отырған. Әрине, бұл «қызметі» үшін ол тұрақты түрде сыйақы алып тұрған.
Қылмыстық эпизодтардың бірінде алаяқтар жәбірленушіге хабарласып, өздерін ұялы байланыс операторы және банк қызметкеріміз деп таныстырған. Олар адамды сендіріп, оның атына несие рәсімдеткен. Ал «көмекші» банктік картасыз ақша шешуге арналған цифрлық кодты пайдаланып, банкоматтан 100 мың теңге шешіп алған. Бұл жолғы олжаны ол келісім бойынша ынтымақтастық ақысы ретінде өзіне қалдырған.
Қазіргі таңда күдіктінің әрекеті Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы (алаяқтыққа жәрдемдесу) бойынша сараланып отыр. Прокуратура өкілдері осы орайда қазақстандықтарға маңызды ескерту жасады. Қылмыстық жолмен келген ақшаны шешіп алуға, аударуға немесе біреуге беріп жіберуге қатысу – тікелей қылмысқа қатысу болып саналады. Адамның рөлі қандай болса да, алған сыйақысы қаншалықты аз болса да, ол заң алдында толық жауап береді.

