Ақтөбе облысының Темір ауданында 9-сынып оқушысының өліміне әкеп соққан оқиға бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды «Тілші» облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өткен жылдың күзіңде жоғары сынып оқушылары өздеріне «құрметсіздік көрсетті» деген себеппен төменгі сынып оқушыларын соққыға жыққан. Соның салдарынан бір оқушы алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.
Сот үш оқушыны адам өліміне әкеп соққан ауыр жарақат келтіргені үшін кінәлі деп танып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Тағы үш қатысушы бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын алды.
Қаза болған жасөспірімнің ата-анасы қатаң жаза тағайындауды сұрамағанымен, сот қылмыстың ауырлығын ескеріп, негізгі кінәлілерге түрме жазасын қалдырды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.