Қазақстанның премьер-министрі Олжас Бектенов 2 ақпан күні жаңа Конституция жобасын талқылау аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру бойынша кеңес өткізді. Жиынға үкімет мүшелері мен аймақ әкімдері қатысты деп хабарлады Азаттық.
Жиында Бектенов министрліктер мен әкімдерге жаңа Конституция жобасын халыққа жан-жақты түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырған.
«Жалған әрі бұрмаланған ақпараттармен күресуге баса назар аударылды. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде шындыққа жанаспайтын арандатушылық сипаттағы жарияланымдар тіркелуде. Ішкі істер министрлігіне «Заң мен тәртіп» қағидатына сәйкес, жалған мәліметтерді таратқаны үшін қатаң құқықтық әрекет және жауапкершілікке тартуды қамтамасыз ету тапсырылды» делінген дүйсенбі күні үкіметтің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Аталған жұмыстарды үйлестіру премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жүктелген.
31 қаңтарда үкімет сайтында кіріспе, 11 бөлім және 95 баптан тұратын жаңа Конституция жобасы жарияланған. Азаматтық қоғам өкілдері, сарапшылар мен құқық қорғаушылар, белсенділер ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеуінде Конституцияны өзгертуде асығыстық танытпауға шақырып, толымды қоғамдық талқылау жүргізу қажеттігін айтқан.
Дәл сол күні жалған ақпаратпен күрес орталығы хабарлама таратып, «жаңа Конституция жобасы жерді шетелдіктерге сатуға тыйымды алып тастайды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді» деп мәлімдеді.

