Башқұрт белсендісі Фаил Алсынов тергеу изоляторынан жақтастарына қайырылды

Осы аптада төрт жыл түрмеге кесілген башқұрт белсендісі Фаил Алсынов тергеу изоляторынан жақтастарына мәлімдеме жасады. Ол заңды сақтап, күш қолданбауға үндеді. 17 қаңтарда Баймақ қаласының соты алдындағы Алсыновты қолдау акциясы кезінде жұрт полициямен қақтығысып қалған. Жаппай тәртіпсіздік бойыннша қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды «Азаттық».

Алсыновтың хатының көшірмесін адвокаты Елнұр Сүйіндіков жариялады. Ол башқұрт тілінде жазылған. «Важные истории» басылымы хаттың аудармасын жариялады.

Алсынов хатта Челябинск облысында Магнитогорскі тергеу изоляторында отырғанын айтады. Оны Башқұртстаннан сол жаққа әкеткен. Белсенді 17 қаңтар күнгі наразылық кезінде арандатушылар да болғанын алға тартып, олар «жұртты заңсыздықтарға итермеледі, полицияға кедергі келтіріп, сот залына кірмек болды»деп жазады.

«Бұл мүлде дұрыс емес» деп жазды Алсынов. Ол жақтастарын заң аясында әрекет етуге үндеген.

Белсендінің пікірінше, Башқұртстан басшысы Радий Хабировке наразылыққа қатысушыларды «экстремист» етіп көрсету ыңғайлы.

Алсынов сонымен бірге өзін қолдау акциясы кезінде ұсталғандарды қорғауға үндеді.

20 қаңтарда Баймақтағы «жаппай тәртіпсіздік ісі» бойынша айыпталған бірінші адамның аты-жөні белгілі болды. «Медиазона» сайтының жазуынша, Уфаның совет аудандық соты Вилюр Карачуринді тергеу изоляторына қамаған. Оған «жаппай тәртіпсіздіктен» бөлек, «билік өкіліне күш қолдану» бабы бойынша да айып тағылған.

Тағы бір айыпталушының бірі – белсенді Ілияс Байгускаров. Бұл жөнінде «Медиазонаға» белсендінің бауыры хабарлаған. Байгускаров 17 қаңтарда Баймақта ұсталған. Кейін оны босатқан, алайда 18 қаңтарда оны Уфада ұстаған. Оған бұлтартпас жазасы қолданылғаны-қолданылмағаны белгісіз. Ілияс Байгускаров көне Башқұрт қаласы аумағындағы тарихи музейді қорғап танылған. Билік ол жерге шіркеу мен саябақ салмақ болған, деп жазды «Idel.Реалии» сайты.

17 қаңтарда Баймақ қалалық сотында экобелсенді Фаил Алсыновқа үкім оқылып, белсенді төрт жыл түрмеге кесілген. Сот ғимараты алдына бірнеше мың адам жиналып, Құштауды қорғап жүрген белсендіні босатуды талап еткен.

Полиция жұртты сот ғимаратынан тықсыруға тырысып, халық пен полиция қақтығысып қалды. Арнайы жасақ халыққа жас ағызатын газ шашып, жарқылдақ граната пайдаланған. Жұртты резеңке таяқпен ұрған.

Акциядан кейін ондаған адам ұсталған. Шамамен 20 шақты адам медициналық көмекке жүгінген. Бірнеше адам әкімшілік қамауға алынған.

Тергеу комитеті жаппай тәртіпсіздік және билік өкіліне күш қолдану бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Башқұртстан басшысы Радий Хабиров «экстремизм мен жағдайды шайқалтуға тырысу жайттары жазаланатынын» ескертіп, ұйымдастырушылардың «шынайы келбетін әшкерелейтінін» айтты.

Экобелсенді Фаил Алсыновқа «алауыздық қоздыру» бабы бойынша айып тағылған. Ол айыпты жоққа шығарады. Ресей билігі Алсынов жетекшілік ететін «Башқұрт» ұйымын 2020 жылы экстремистік ұйым деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салған.

2018 жылы Құштау тауы әк өндіру үшін башқұрт сода кәсіпорнына беріліп, жергілікті халық шешімге қарсылық білдірді. Құштауды қорғаған көп белсенді наразылықтан кейін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Amnesty International ұйымы полицияның әрекетін, оның ішінде наразыларға күш қолдануын жан-жақты зерттеу қажеттігін алға тартып, бейбіт наразыларды дереу босатуға үндеді.

фото: Arbat media

Be the first to comment on "Башқұрт белсендісі Фаил Алсынов тергеу изоляторынан жақтастарына қайырылды"

Leave a comment

Your email address will not be published.


*