Aqtobe Day

Ақтөбе облысының әкімі су тасқынына дайындықты күшейтуді тапсырды

Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров аппарат мәжілісін өткізіп, өңірдегі су тасқынына дайындық барысын және төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын пысықтады. Аймақ басшысы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеп, жағдайды қатаң бақылауда ұстауды міндеттеді, деп хабарлайды «Тілші» облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеп.

Жиын барысында облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мен Табиғи ресурстар басқармасы атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.

Дайындық деңгейі – 94%

Облыстық ТЖД бастығы Қахарман Оразалиннің айтуынша, су тасқынының алдын алуға бағытталған 105 іс-шараның басым бөлігі, яғни 94 пайызы бүгінгі таңда толық орындалды. Мамандар өзен арналарын бекітіп, тазарту жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, бөгеттер, көпірлер мен су өткізу арналары жөндеуден өтіп, уақытша орналастыру пунктері дайындалды. Төтенше жағдай бола қалса, азық-түлік, материалдар мен техника қоры сақадай сай тұр.

Алдағы уақытта су айдындарында мұзды жару, өзен арналарының тазалығын қамтамасыз ету және қауіпті учаскелерді бақылау жұмыстары жалғасады. Жедел әрекет ету үшін арнайы қаржылық және техникалық резерв жасақталды.

Бөгеттер мен техника жағдайы

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Құлмағамбетов гидротехникалық нысандардың жай-күйіне тоқталды. 2025 жылғы тексеру қорытындысы бойынша 174 коммуналдық нысанның тек 64-і ғана талапқа сай болған еді. Дегенмен, жүргізілген жөндеу жұмыстарының нәтижесінде проблемалық нысандар саны азайды.

Сонымен қатар, Сазды өзенін қамыстан тазарту үшін былтыр арнайы жерснаряд сатып алынған болатын. Енді гидротехникалық нысандарды күтіп ұстау мақсатында тағы 72 бірлік арнайы техника сатып алу көзделіп отыр. Жаңа техника коммуналдық кәсіпорынға бөгеттерді жұмыс күйінде ұстауға және зақымданған нысандарды қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

«Әкімдіктер дербес жауап береді»

Облыс әкімі Асхат Шахаров жауапты тұлғаларға арқаны кеңге салуға болмайтынын ескертті. Ол көктемгі су тасқыны кезеңін төтенше жағдайларсыз өткізуді басты міндет етіп қойды.

«Қазіргі таңда су тасқыны жағдайы тұрақты, алайда босаңсуға болмайды. Барлық аудан және қала әкімдіктері гидротехникалық нысандардың жай-күйін және өзендердегі мұздың еру қарқынын тұрақты бақылауда ұстауы тиіс. Инженерлік қорғаныс кешендерінің дайындығын тексеріп, инертті материалдар, қаптар, арнайы техника мен жанар-жағармай қорын алдын ала дайындау қажет. Су тасқынының алдын алу шараларын сапалы орындау үшін жергілікті атқарушы органдар дербес жауапкершілік арқалайды», – деп қадап айтты өңір басшысы.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Ақтөбеде әкесінің көлігін рұқсатсыз айдап кеткен 16 жастағы оқушы апаттан көз жұмды

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *