Isker Tilshi Ақпарат

Әлемде трендке айналған бизнес саяхаттар туралы ақтөбелік кәсіпкерлер не айтады

Бизнес саяхат бүгінде іс адамдары арасында әдемі трендке айналды. Тек әлемде ғана емес, біздің елімізде де мақсаттары ортақ, білім мен идея іздеген кәсіпкерлер арнайы бағдарламамен басқа елдерге шығып, тәжірибе алмасып, нетворк ұйымдастыра бастады. Бұл ғұрыптан өңір болса да, Ақтөбе де сырт қалмады.

Кәсіпкер Мамырбек Мұқанбетқазин ара-тұра басқа елдерге бизнес өкілдерімен сапарлатып жүргенін жоққа шығармайды:

«Жалпы, кез келген сапар атаулы адамның көкжиегін кеңейтеді. Түсінігін молайта түседі. Адам кәсіпкер болмаса да, мүмкіндігі болғанда шетелге шығып, саяхаттап тұрғаны жақсы. Басқа жерді көреді, басқа мәдениетпен танысады, тағамдарының дәмін татады, ойларын түсінуге тырысады. Тарихы бар. Басқасы бар. Мұның барлығы саяхатқа шыққан адамға көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, демалуына мүмкіндік береді», — дейді ол.

Ал, іс адамдарының арнайы сапар ұйымдастыруы, Мамырбектің пайымынша, заман талабы.

«Өзін бизнес адамымын деп санайтын кез келген адамға орта қажет. Ақылдасатын, ойласатын, тәжірибе алмасатын, жаңа ақпараттармен бөлісетін орта қалыптастыру – бүгінде бизнесмен үшін қажеттілік. Нетворк қалыптастырудың бір формасы – саяхаттар ұйымдастыру. Тәжірибемде бірнеше бизнес трипке қатыстым. Ақтөбеден өзім араласып жүрген жігіттермен Түркияға, Қазақстанның басқа қалаларына шығып тұрамын. Бизнес трип болғасын ол жерде әңгіме тек бизнес туралы бола бермейтіні анық. Дегенмен, іс адамдары жүрген соң, бизнес туралы ақпарат алуы үшін әркім өзі мүдделі болуы керек деп ойлаймын», — дейді Мамырбек Мұқанбетқазин.

Ақтөбелік тағы бір кәсіпкер Ерлан Отарбай қазіргі бизнесінің осындай бизнес триптің арқасында пайда болғанын жасырмайды. Бастапқыда бизнес бастау жөнінде идея арқалап жүрген ол алғашқы сапарынан кейін Ақтөбеде алғашқы бутигін ашқанын айтады.

«Расында, біршама уақыттан беру бір бизнес бастап кету жөнінде терең ойда жүрдім. Бірақ, неден, қалай, қанша қаржымен бастаймын деген ой маза бермеді. Күндердің күнінде жігіттер Түркияға сапарлатып баратыны жайлы айтып қалды. Тәуекел деп солармен бірге жолға шықтым. Сенесіз бе? Еш өкінбедім», — деп бастады әңгімесін Ерлан Отарбай.

Кәсібін енді бастаған ол бірнеше күн бизнес адамдарымен ақылдасқанын айтады. Стамбұл қаласында бірнеше дүкен, фабрика, бутикті аралап, ақпарат жинай бастайды. Неден бастау керектігі туралы бас қатырады. Айналдырған 4-5 күнде болашақ бизнесінің портреті қалыптаса бастайды.

«Ақтөбеге орала салысымен бірден жалға алатын орын іздедім. Қаланың жаңа ауданында енді ашыла бастаған сауда орталығының әкімшісімен келісіп, қол алысып, бутик рәсімдедім. Оны заманауи дизайнмен безендіріп, өзімнің көкейімде жүрген бизнес түрімен айналысуға бел будым. Бизнес сапар барысында ерлер костюм-шалбарына тоқтауды жөн көрдім. Өйткені, менің жас кезімнен классикалық киім үлгісіне қызығатыным бар, айналамдағы адамдардың киімдеріне мін тағатын қасиетім тағы бар, осыларды ескере келе, бірнеше мәселені шешу керек деп санадым. Ойымдағы бизнесті бастадым, ер азаматтарға классикалық киім үлгісін ұсыну арқылы олардың талғамын қалыптастырғым да келген. Бастысы – сапардың мақсаты орындалды десем де болады», — деп санайды Ерлан Отарбай.

Бизнес сапарларға тұрақты шығып жүрген жас кәсіпкерлердің бірі Мақсат Сайлау сапар барысында айтылған инструменттерді өз ісінде кеңінен қолданып жүргенін, әрі оның нәтижелі екенін айтады.

«Алғаш рет Түркияға ондаған кәсіпкермен шықтым. Ол жерде мықты спикерлердің қатарында Марғұлан Сейсембай да болды. Әрине, білім алу үшін бардық қой. Әбден іріктелген қатысушылар болды. Біраз таныс таптым. Нетворк орнаттық. Мықты-мықты өз ісінің білгірлері келді. Түрлі ойлар айтылды. Бизнестегі қаржы айналымдары жүз миллиондап саналатын бизнесмендер тәжірибелерімен бөлісті. Егер адам бизнеспен айналысатын болса, мұндай сапарлар керек. Әңгімелері де қызық болуы мүмкін. Тіпті, өзіңді қинап апарған күнде пайдалы ақпарат алып шығатының анық», — дейді Мақсат Сайлау.

Жалпы, бизнес сапар не үшін керек? Іс адамы бір сергіп қайту үшін деуге болатын шығар. Әрдайым өз бизнесіңіздің айналасында айналып жүре берсеңіз, бірсарындылықтан шаршайсыз. Бұл өз кезегінде жұмыс өнімділігінің азаюына әкеліп соғуы бек мүмкін. Ал жаңа жерде және жаңа ортада өзіңізге және бизнесіңізге жаңа көзқараспен қарауыңыз мүмкін.

Ал енді тереңдетіп үңілетін болсақ, іскерлік саяхат бизнесіңізді жаңа деңгейге шығаруы ықтимал. Әрдайым бизнес әдебиет оқып, іскер видео көре берсеңіз де, миыңыз шаршайды. Бір сарын ақпаратты ми қабылдай бермейді де. Ақпарат алудың басқа форматы да – осы сапарлар.

Одан бөлек, іс адамы үнемі өндірісте жүре берсе, қатты жалығады. Көп спикердің айтуынша, бизнесмен бір мезгіл өндірістен шығып, кездесулер кезінде біраз шаруа тындыра алады. «Бизнесті кофе басында жүргізу керек» деп санайтын бизнес адамы аз емес. Ал, бизнес трип, сәйкесінше, осындай форманың жарқын үлгісі.

Көптеген креатив ойлар да сапар кезінде пайда болады. Адам түрлі эмоцияларды бастан өткергенде әдетте ойға келе бермейтін идеялар келеді. Сарқырама немесе биік таулар, теңіз немесе әдемі қала көрінісі, тағы басқа жайттар іс адамын күтпеген жерден жаңа ойларға итермелеуі мүмкін.

Бизнес турлар кезінде адам демалады, сонымен бірге, пікірлестердің ортасында әңгіме-дүкен құра келе, өз компаниясын одан әрі қалай дамыту керектінгі туралы да әрдайым ойлап отырады.

Бизнес-турлар қонақ үйдегі all-inclusive формат емес. Бассейн мен бар арасында жүріп, суға түсіп күнге қыздырыну емес. Бұл жерде бірдеңе үйренем, жаңа ақпарат аламын деп барасың. Өзіңді таныстыруға жақсы мүмкіндік, бизнесің туралы көпке айта аласың. Сенің тәжірибең біреуге қызық болуы мүмкін. Өзгелерден керегіңді ала аласың.

Сондықтан қандай жағдай болғанда да өзіңе пайдалы дүниені, керегіңді алуға керемет мүмкіндік.

Сапар аясында тек кездесу, әңгімелесумен шектелмей, табиғи, тарихи нысандарды аралау кезінде тың ойлар келуі ғажап емес. Ерекше көріністің өзі күтпеген ойға жетелеуі мүмкін. Жақсы идея болса, түртіп қоясыз. Кейін бәлкім жүзеге асырып, жақсы нәтижелерге қол жеткізуіңіз мүмкін ғой.

Елге оралғаннан кейін ақпаратыңызбен командаңызбен де бөлісуге болады. Сізге ерген ұжымды осылайша ынталандыруға да болады. Кейде мұндай сапарлардың қай елде өтетіні маңызды емес, маңыздысы – қандай ортамен жолға шыққаныңыз.

Редация тарапынан: Isker Tilshi жобасы іскер ортада жүрген бірнеше тұрақты қатысушысына іскерлік сапар туралы ұсыныс тастаған болатын. Шілде айында 4 адам болып (туризм саласы, ерлер киімі дүкендері, тұлғалық даму мектебі, болашақ PR агенттіні өкілдері), Грузияға сапар шектік. Посткеңестік елдер арасында демократияға алғаш мойын бұрған елдердің біріне трип барысында көптеген жаңа ақпаратқа қанықтық. Ол туралы алдағы материалдардың бірінде толығырақ!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *