Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Ұлттық арнадағы «Жедел желі» бағдарламасының тілшілері мен көрермен сұрақтарына жауап берді.
Бағдарлама тілшісінің сұрағы басшылық қызметтерге тағайындалып жатқан олимпиада чемпиондарының менеджерлік қабілетіне қатысты болды.
«Сәпиев (Серік — ред.) Қарағандыға, Артаев (Бақтияр — ред.) Қызылордаға барды. Осы спорт басқармаларына тағайындалатын адамдарға қандай талаптар қойылады? Жалпы, чемпиондар қаншалықты мықты менеджер бола алады? Мүмкін оларды бапкер қылған дұрыс шығар, қалай ойлайсыз?», — деп сұрады «Жедел желі» жүргізушісі.
«Әрине, сұрағыңыз орынды. Серік Сәпиевті алатын болсақ, көп жылдар бойы мемлекеттік қызметте болған. Үш жылдай министрліктің дене шынықтыру және спорт комитетін басқарған. Одан бөлек арнайы мемлекеттік клубтарды басқарды. Сондықтан спорттық олимпиада жеңімпазы, әлем жеңімпазы атақтарынан бөлек, бұл азаматтар мемлекеттік қызметтерде болды.
Ол жұмысын біледі. Ол азаматты туған өңіріне жіберіп, сол өңірдің мәселелерін шешіп, алға қойған тапсырмаларды орындай білуі, жан-жақты қасиеттері, мемлекеттік қызметтен өткені ескерілді. Облыстық басқармаларға тағайындалу үшін арнайы критерийлер бар, оған тек қана спортшы ретінде немесе жаттықтырушы болып жасаған азамат өте алмайды. Сондықтан қағидаларға қарап отырып, Серік Сәпиевті Қарағандыға жіберіп отырмыз», — деп жауап берді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.
Ербол Мырзабосынов Бақтияр Артаевтың да мемлекеттік қызметте болғанын алға тартты.
«Аудан басқарды, кейін басқарма басшысы болды. Астана спорт клубын басқарған. Ол азамат та мемлекеттік қызметте жұмыс жасаған, бүгінгі уақытта Қызылорда облысына ұсыныс жасалды. Кеше тағайындалды. Бірқатар тапсырма берілді. Өзім де өңірлерді аралап жүріп, әр өңірге индикатор қойып, жұмыс атқаратын боламыз», — деді министр.
Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, спортшылар тек басқару қызметтеріне емес, жаттықтырушылық пен бапкерлік қызметтерге де тағайындалып жатыр.
«Кейбірі өңірлерге барып, басқару процестерімен айналысса, енді Ольга Рыпакова федерация (Жеңіл атлетика федерациясы — ред.) президенті болып барып жатыр. Тағы біраз азаматымыз, жақын арада естисіздер, жаттықтырушылық қызметтерге барады. Сондықтан спортты аяқтағаннан кейін бүгінгі күні кім қай бағытта күшті, соны саралай отырып, біздің комиссия қызметтерге бағыттап жатыр. Біреулері мемлекеттік қызметке барса, біреулері жаттықтырушы, біреулерін біздің комиссия федерацияның үйлестіру жұмыстарына қарастырады», — деп қорытты сөзін Ербол Мырзабосынов.
Еске сала кетейік, Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті болып Ольга Рыпакова тағайындалды.