Егінін дұрыс жинай алмаған әйтекебилік диқандар облыс әкімімен кездесті. Кездесу Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың Әйтеке би ауданына жасаған жұмыс сапары аясында өтті, деп хабарлайды «Тілші» облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әйтекебилік шаруаларға биылғы егін ору науқаны қиындық туғызуда. Тамыз айынан қыркүйекке дейін, бір ай бойы толассыз жауған нөсер салдарынан олар егіннің әлі 40%-ын жинай алмай отыр. Бидайдың көктеу жағдайы 1988 жылы тіркелген.
Ақжол Дабылов егін шаруашылығымен 25 жылдан бері айналысып келеді. Ол басқаратын «Бұлақ Агро» шаруа қожалығы алғаш рет осындай жағдайды бастан өткеріп отыр. Бүгінгі күні қоймасында сақталған бесінші сұрыпты бидайдың 70%-ы көктеген. Сол себепті сату жағы қиынға соққалы тұр.
Әйтеке би ауданындағы ірі шаруашылықтың бірі — «Алтынсарино» серіктестігінің басшысы, Қазақстанның Еңбек Ері Борис Князев жағдай қиын болса да, қазір қол қусырып отыратын уақыт емес дейді. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау көмектесетініне сенімді.
Яғни, бүгінгі таңда егінін жинай алмай, шығынға батқан диқандарға жеңілдетілген дизельдік отын, ауылшаруашылығы техникасы мен тыңайтқыштарға субсидия және т.б көмек берілуде.
Әйтеке би ауданында егін алқабы бар 15 ірі шаруашылық, 107 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Негізінен 140 мың гектарға жуық жерден дәнді дақылдар жиналуы керек. Қазір 81 мың гектардай жер шабылған. Орташа түсімі — гектарына 7,8 центнер.
Шаруалардың жанайқайын естіген облыс басшысы ел Үкіметінің қолдауы тоқтамайтынын, көктеген бидайды кептіру және сату жағы назардан тыс қалмайтынын алға тартты. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудан әкімдігіне диқандардың мәселесі күн тәртібінен түспеуі тиіс екенін ескертті.