Isker Tilshi Ақпарат

Серікболсын Жексенбай: Құмды ауылда құлпынай еге бастадым, таңқурай мен жүзім өсіру жоспарлап отырмын

Шалқар ауданы Жылтыр ауылының тұрғыны Серікболсын Жексенбай құмды ауылда жылыжай тұрғызып, құлпынай мен таңқурай өсіре бастады. Кәсіпкер алдағы уақытта салат жапырағы, жалбыз, басқа да дәмдеуіш өсімдіктер егуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды «Іскер Тілші».

Бірден айта кетейік, Шалқар ауданында, кәсіпкердің айтуынша, таңқурай мен құлпынайды егетін адам жоқтың қасы. Ауыл-аудан тұрғындары мұндай өнімді қаладан (Ақтөбеден) алдыртады. Көп жағдайда оңтүстік облыстардан жеткізіледі. Қай-қайсысының да бағасы арзан емес.

«Біздің ауылдың ауа райына ыңғайлап Вивара деген еуропалық элиталық сортын егіп жатырмын. Бізде жаздық және қыстық жылыжайлар бар. Бірі жылына екі рет өнім берсе, өзгесі төрт рет өнім беру керек. Құлпынай жемісі ірі сортты», — дейді Серікболсын Жексенбай.

Кәсіпкер сонымен қатар, ауылда қияр, қызан егіп келеді. Айналысқанына 5 жыл болған.

«Негізінен, шаруаны ағам екеуміз жүргіземіз. Бүгінде бірнеше жылыжайымыз бар. Өзіміз аздан бастадық. Кейін үкімет тарапынан қолдау болды. Қазірде 2500 шаршы метр жылыжайымыз бар. Жұмысымызды дамытып жатырмыз, әзірге еш кедергі жоқ», — дейді ол «Іскер Тілшіге».

Кәсіпкер қара топырақты, құнарлы қоспаларды, өскінді Ақтөбеден алдыртып отырғанын айтады. Көкөністі Шалқар ауданына, артылса, облыс орталығына апарып өткізеді. Рас, оңтүстіктен келетін арзан өнім жазда бағаны төмендетуге мәжбүр етеді.

«Қиярдың келісін қыста 700 теңгеде сатсақ, жазда 100 теңгеден беруге мәжбүрміз. Сондықтан, шілде айынан өте бере қияр өсірмеуге тырысамыз. Рас, биыл Шалқарда жұрт егінді ерте екті, сәйкесінше, жемісін ерте жинады. Қияр да ерте бітіп қалды, дүкендерден хабарласып қияр сұрап жатады», — дейді жылыжай иесі.

Кәсіпкердің пайымынша, бизнестің бұл түрі лотерея іспетті. «Қалай болады?», «Егін дұрыс шыға ма?» деген сарындағы сұрақтар жиі туындайтын көрінеді.

Марат Төлепберен, Isker Tilshi

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *