Жыл сайын қыстыгүні Дөң комбинатының қызметкерлері жалғызбасты зейнеткерлерге көмектесіп, олардың ауласын тазартып береді. Қатты бораннан кейін кәсіпорын мамандары мен жастары 20-дан аса ауланы қардан тазартты.
Қариялар көмекке аса зәру болды. Біреуінің есігі ашылмады, екіншісінің шаруашылық қора-жайларға апаратын жолы қарға көмілген.
— Көмекке келгенде қуанғаннан көз жасына ерік бердім, қартайдық, қарды лақтыру оңай емес, — дейді Хромтау қаласының зейнеткері Лидия Головко. – Бораннан кейін қақпаны аша алмай қалдық. Қақпаға апаратын жолды өзім тазартсам, қақпаның алдын аршуға күшім жетпеді… Жастардың бұл шағын көмегі біздер, егде адамдар үшін аса қажет.
Сонымен қатар, цехтар мен кеңсе қызметкерлері теміржол цехына көмекке келіп, жолды қардан аршыды. Төтенше жағдай кезінде кәсіпорындар Хромтау қаласы іші мен трассаны тазалауға техникаларын жұмылдырды. Атап айтқанда, автогрейдер, шнекоротор, екі жүк тиегіш, екі вахтовка мен екі бульдозер жолға шықты. Электр цехы өндірістік нысандардан бөлек, қалалық нысандардағы жарық жүйесін қалпына келтірді.
Мейірімге толы дәстүр де ұмытылмады – жолда тұрып қалған жүргізушілерге кәсіпорын атынан бутербродтар таратылды.