Кәсіби мереке қарсаңында алғашқы шахтаның 50 жылдығы да аталып, Хромтау кеншілері қос қуанышты қатар қарсы алды. Салтанатты шара дәстүр бойынша қала деңгейінде өтті. Қазхромдықтар бұл кеште эстрада жұлдыздарымен бір сахнада өнер көрсетті. 300-ден аса үздік қызметкер корпоративтік, салалық марапаттарға ие болып, мереке қарсаңында оларға сыйақы тағайындалды.
«Қазхром» қызметкерлері 3,7 млн. тонна кен өндіріп, Шахтерлер күнін жағымды хабармен бастады. Бұл ретте биыл қызметіне 40 жыл толған Дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты кен байыту және кесектеу фабрикасын атап өтуге болады. Олар жарты жылда карьер тізбегі бойынша 1,5 миллион тонна өнім өңдеп шығарды. Тамыз айы Хромтауда айтулы оқиғаларымен есте қалады. Жақында өңірдің алғашқы «Молодежная» шахтасы жарты ғасырлық мерейтойын атап өтті. Шахта жұмысшылары игере қазғаннан бастап, дәл осы уақытқа дейін әлемде сапасы жағынан жоғары 66 миллион тоннадан артық хром кенін өндірген. Ал одан бөлек әлеуметтік шаралар да сәтті жүріп жатыр. ERG-дің қаржылық қолдауымен Tugan Qala жобасы аясында 400 қатысушыны біріктірген қоян-қолтық ұрыстан халықаралық турнир ұйымдастырылды. Мерекелік апта басталысымен басшылық құрам цехтарға барып, ауысымдағы жұмысшыларды сол орында құттықтап, еңбектеріне алғыс білдірді. Сонымен қоса жаңаланған Құрмет тақтасы салтанатты түрде ашылды. Кәсіби мереке қала төрінде қызметкерлерге құрмет көрсетумен және қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсеткен концертке ұласты.
– Хромтау ауданында, соның ішінде Дөң тау-кен байыту комбинатында 8 мыңнан аса азамат еңбек етеді. Яғни әрбір отбасыда кен орындарында жұмыс істейтін жақын адамы бар, — деді Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тлеумұратов. – Осы орайда кеншілердің аналарына, асыл жарларына, отбасыларына ерекше алғысымды білдіргім келеді. Сіздердің қолдауларыңыз – кеншілер үшін өте маңызды Біздің кеншілеріміз – Хромтаудың ғана емес, бүкіл елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келеді. Қазіргі таңда, Сіздердің қажырлы да адал еңбектеріңіздің арқасында еліміздің жарқын болашағы, қуаты мен тұрақтылығы қалыптасуда. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз үшін алғыс білдіре отырып, мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыстар тілеймін!
Айтулы мерекеде 300-ден аса қызметкер облыс және аудан әкімінің Алғыс хаттарына, корпоративтік, салалық марапаттарға ие болды. Оның ішінде кәсіпорын ардагерлері да бар.– Барлық әріптестерімді, Дөң тау-кен байыту комбинатының шахтерлері мен өзге де кәсіп өкілдерін мерекелерімен құттықтаймын, — деді «Қазхром» бас директоры Сергей Прокопьев. – Шахтерлер жұмысының ауырлығын жай сөзбен бағалау мүмкін емес. Компанияның алдында маңызды міндеттер мен өршіл мақсаттар тұр. Олардың бірі – жаңа шахтаның іске қосылуы. Сіздердің қолдауларыңызбен, кәсібиліктеріңізбен біз бұған да қол жеткіземіз.
Мерейі тасып, сахна төріне шыққан көпжылғы еңбегі бар тәжірибелі шахтерлер арасында расымен де, әртүрлі мамандық өкілдері де жоқ емес.
– Шахтада жұмыс істеп келе жатқаныма 34 жыл болды, — деп қуанышын жеткізді бригадир-ұңғылаушы Анатолий Перун. – Түгел қаланың алдында сахнаға көтерілгенде толқыдым. Бұл марапат менің ғана емес, менің бригадамның еңбегі, жемісі.
Думанды кеш кәсіпорын қызметкерлері қазақстандық әртістермен бірге ән салған әдемі концертпен аяқталды. Зертханашы Ақбота Алманова әнші Жанар Дұғаловамен «Ризамын» әнін бірге шырқаса, үш жас қызметкеріміз президенттік оркестрдің «Рух» әнін орындады. Мереке қонақтарына компанияның корпоративтік түсі – алқызыл түс раушан гүлдерін сыйлады. Мерекелік шоудың соңы – отшашуға ұласты.