Company

Хромтауда балаларды қорғау күніне орай веложарыс өтті

Еуразиялық Топтың биыл ERG jazFest жазғы денсаулық фестивалі веложарыспен басталды. Неге десеңіз, кәсіпорын күнтізбедегі маңызды күн – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнін де ұмытпай, балалар мерекесімен ұштастырды. Әрине, ондағы мақсат – жас буынға табиғатқа қамқор болуды үйрету. Шара аясында Еуразиялық Топтың бөлімшелері көліктен бас тартып, бір күндерін велосипедпен жүруге арнаған. Мереке соңында барлығы корпоративтік стильдегі медальдарға ие болды. Оның ішінде «Қазхром»ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинаты да бар.

Қала бойынша эко-веложарыс балалар мерекесінің тамаша бастамасы болды. 1 маусым күні велосипедпен қаланы аралап шыққан 100-ден аса қызметкер мен басшылық құрам стадионға оралып, эстафетаны балаларға табыстады. Әрі қарай бүлдіршіндер мен жасөспірімдер өздерінің велосипедтерімен велошеруге қолдау көрсетті. Ал белсенді демалысты ұнататындар арт-терапиямен айналысты. Жазғы денсаулық шарасына қатысқан халықтың санында есеп жоқ. Олар суретшілермен бірге қабырғаға сурет салды. Қанық түстермен боялған қабырға суреттері биылғы жаздың жарқын естелігі болып қалады. Фестивальге ұласқан шарада балаларға үлкен теннис пен баскетболдан шеберлік сағаттары өтіп, жаттықтырушылардан осы ойындардың негіз қағидаларын үйренді. Таза ауада, шуақты күннің астында барлығы түрлі ойындар ойнап, сыйлыққа кеңелді.

Шара соңы одан әрі қызық бола түсті. Балаларға арналған холли түстерінің шағын қойылымы өтті. Қалалық стадион алаңында бақытты балалардың риясыз күлкісі ата-аналарды да елітіп әкеткендей. Олар да бірге ойнап, балалық шаққа саяхаттап қайтты. Айта кетейік, холли бояулары сертификатталған және табиғат пен балалар үшін қауіпсіз. Оларды жуып кетіру қиындық туғызбайды. Сондықтан да болар үлкені мен кішісі тәтті сәттің дәмін бірге сезіп, демалыс күндерін есте қаларлықтай өткізді. Көпшілікпен бірге жеген балмұздақтың да дәмі ерекше болады.

– ERG-ге көптен-көп рақмет! Жыл сайын балалар мерекесін қызықты өткізетін ұйымдастырушылар сіздер ғана. Бүгінгі шараға қызымыз екеуміз келдік. Бастысы балаларымызға ұнап жатыр. Сыйлыққа да ие болдық. Жолдасым Дөң тау-кен байыту комбинатында жұмыс істейді. Қызметкерлердің отбасыларына көңіл бөлетіндеріңізге ризамын, — деді ата-ана Гүлдария Қожахметова.

Мереке соңында балаларға арналған лоторея да ұйымдастырылды. Самокат, велосипед секілді құнды дүниелер ұтып алған балақайлардың қуаныштарында шек жоқ. Шараға келген қонақтар әдемі фотозонада естелік суретке түсіп тарқасты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *