Үкіметтік емес ұйымдар ERG-дің қаржылық қолдауымен Хромтауда биыл да тегін курстар ашты. Бұл жолы маникюр мен педикюр, бет әрлеу, шаштараз ісінен сабақтар басталды. Бұрын жұмыссыз болған әйелдер мен жасөспірімдердің бірқатары Qadam оқу орталығынан меңгерген кәсібін пайдасына жаратып, бүгінде сұранысқа ие маманға айналды. Бірі тігін ісін үйренсе, енді бірі мобилографияны оқып алып, табыс тауып жүр. Тіл үйренем дегендер ағылшыннан сабақ алып жатыр. Биыл бір жыл толған оқу орталығында осымен жеті курс тегін жұмыс істеп тұр.
Компания қолдауының арқасында бұл оқулардың барлығы тегін. Алайда, курсқа жазылу талаптары бар. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жасөспірімдерге, сондай-ақ Дөң тау-кен байыту комбинаты қызметкерлерінің отбасыларындағы жұмыс істемейтіндерге басымдық беріледі. Әрине, әлеуметтік жағдайлары да қаралады. Сонымен қатар үйренушілердің жас аралығы 14-40 жас шамасында болуы керек. Еске сала кетейік, былтыр Qadam оқыту орталығы моноқалада алғаш рет тегін курстар ашқан.
Бастапқыда келушілерді алты бағыт бойынша: тігін ісі, актерлік шеберлік, мобилография, графикалық дизайн және жеке тиімділік дағдылары бойынша жинаған. Тігін ісіне ниет білдіргендер көп болды. Оның үстіне қырық жылдық тәжірибесі бар шеберден сабақ алуға кімнің де болса ықыласы бар. Сондай-ақ, мобилографияға қызыққандар мен орталық басшысы Айнұр Қалдығұлованың жеке тиімділік курсын оқып шыққан әйелдер аз емес. Нәтиже қуантарлық. Хромтауда осы орталықтан оқып шыққан келіншектің ашқан тігін цехы, тағы бір кәсіп иесінің химиялық тазалау пункті жұмыс істеп тұр. Мобилографтарды қоспағанда, өз бетінше қосымша табыс табамын дегендерге бұл жақсы мүмкіндік.
Бүгінде шығармашылық пен дамуды талап ететін өзгеше, тың жобаларға да кезек келіп жатыр. Зерттеулер көрсеткендей, бьюти-индустрияда кәсіп ашуға сұраныс артып келеді. Сондықтан енді Хромтауда тырнақ күтімі, шаш үлгісі мен макияж жасау шеберлері көбейеді. Әдеттегідей бұл курстарды да мықты, тәжірибелі, өз ісінің шеберлері жүргізеді. Мысалы, Хромтаудағы танымал визажистердің бірегейі, халық көп баратын сұлулық салонының иесі қазіргі таңда оқу орталығында сабақ береді.
– Қазір бізде Ақгүл Құрманғазы есімді үздік визажист жұмыс істеп жатыр,- деді Айнұр Қалдығұлова. – Бір қызығы, онымен әңгімелесу барысында ең алдымен өзінің де қаланың дамуына үлес қосқысы келетінін айтты. Салон шеберлері Хромтауда, жалпы Ақтөбе облысында сұранысқа ие екенін көріп отырмыз. Мен үйренушілердің географиялық тұрғыдан шектелгенін қаламаймын. Олардың мамандықтары сұранысқа ие болғандықтан, басқа қалалар мен ауылдарда жұмыс таба алады. Шын мәнінде, жобаның мақсаты – тәжірибеде қолдана алатын және ең бастысы, табыс табуға болатын қажетті білім беру. Мысалы, бізде Ақтөбеден тапсырыс қабылдайтын мобилография тобының жігіттері бар. Біз жыл сайын қаланы бақылап, тұрғындармен сөйлесіп, сұраныс қандай, олардың ойларын білеміз. Бәлкім келесі жылы тағы бірқатар бизнес-мамандықтарды енгізіп қалармыз. Себебі Хромтау тұрғындарының кәсіби әлеуеті барын көрдім.
Оқу екі ай бойы алты адамнан тұратын топтарда өтеді. Егер үйренушілер саны артса, курстар жыл бойы бірнеше топта өткізіледі.
Орталықтың негізін қалаушы адамдар курстарға әрқашан алдын ала жазылатынын, яғни бос орындардың жоқтығын атап өтті. Ал бұл дегеніміз – жобаның маңызды әрі қалаға қажет екенін көрсететін басты көрсеткіш.