Әлем

Зеленский Украина әскері Ресейдің 74 елді мекенін бақылауға алғанын мәлімдеді

Украина президенті Владимир Зеленский 13 тамызда Украина қарулы күштері Ресейдің Курск облысында 74 елді мекенін бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Азаттық.

Оның сөзінше, «күрделі шайқастарға қарамастан» Украина әскері алға жылжып жатыр. Зеленский сонымен бірге украин күштерінің «алмасу қоры» да артқанын атап өтті. «Алмасу қоры» деп президент тұтқынға алынған ресейліктерді айтып отыр. Ол дегенмен қанша ресейлік солдат тұтқынға алынғанын айтпады.

Бұған дейін Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы Александр Сырский Украина президентіне Ресей аумағының мың шаршы шақырымы бақылауда екенін мәлімдеген: бұл Ресей әскері биыл Донецк және Харьков облыстарында басып алған аумақтан аз.

Десе де, бұл бағалау әзірге тәуелсіз дереккөздермен расталған жоқ, көптеген әскери сарапшылар мұны сынап та жатыр.

Жуырда Курск облысының губернаторы міндетін уақытша атқарушы Алексей Смирнов Ресей президентімен жиын кезінде украин күштері Ресейдің 28 елді мекенін басып алғанын мойындаған.

13 тамызда Курск облысындағы Ресей қорғаныс министрлігі мен «Ахмат» шешендер жасағы украин күштерінің алға жылжуы тоқтатылды, оларды аймақтан тықсыру жұмыстары жүріп жатқанын мәлімдеген. Ресей басшысы Владимир Путин «Украинаның элиталық жасағы» «орасан шығынға ұшырап жатыр» деді.

Украинаның телеграм-арналарында сейсенбі күні украин әскерінің Ресей аумағында әрі қарай жылжып бара жатқаны көрінетін видеолар жарияланды.

Бұған қоса, украин ақпарат құралдары тұтқынға берілген Ресей әскері мен «Ахмат» жасағы туралы видеоларды да жариялаған. Онда көбі камераға аты-жөндері мен әскери бөлімдерінің нөмірлерін айтып, өздерін «Азов» полкінің сарбаздарына алмастыруды сұрайды. Бұған дейін Курск облысындағы әскери операцияға қатысушылар Ресей тұтқынға алған «Азов» полкінің жауынгерлеріне ресейліктерді алмастыруды талап ететінін айтқан, себебі Украинаның мәліметінше, оларды Ресейде аяусыз азаптап жатыр.

Ресей қорғаныс министрлігі «тұтқынға берілген Ресей әскері» туралы видеоларға түсініктеме бермеді. «Ахмат» бөлімінің командирі Апти Алаудинов Украина қарулы күштері «бірнеше ресейлік солдатты тұтқынға алғанын» растаған.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Камала Харрис Вашингтонда сайлау алдында негізгі сөзін сөйледі

Украина әскері Ресейдің Курск облысына 6 тамызда кірген. Содан бері аймақта шайқас жүріп жатыр. Украина қарулы күштері ондаған елді мекенді бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеген. Ресей билігі бұл ақпаратты жоққа шығарады немесе түсініктеме бермейді. Дегенмен Курск облысында федералдық дәрежеде төтенше жағдай жарияланған. Аймақтан 100 мыңнан астам адам эвакуацияланған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *