Хромтауда тұңғыш рет қоян-қолтық ұрыстан халықаралық турнир өтті

Хромтауда қоян-қолтық ұрыстан III халықаралық турнир өтті. Шараға Қазақстанның 8 облысы мен Ресейдің 5 қаласынан 250-ден астам жас балуан қатысты. Турнирді жергілікті тұрғын ұйымдастырып, оны «Tugan Qala» жобасы қолдады.

– Бұл турнир — «Tugan Qala» жобасының жемісі. Біз тек спортты ғана емес, жергілікті қауымдастықтардың бірлігін де нығайтқымыз келеді. Жоба «Қазхромның» екі қаласында бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қуаныштысы, оған біздің қызметкерлер де, зейнеткерлер де атсалысады. Олар қаланы көркейту үшін өз ойларын айтып, жобаларды жүзеге асыруға көмектеседі, – дейді Дөң тау-кен байыту комбинатының директоры Нұрлан Саринжипов.

Жарыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Ақтөбе қаласының «Жауынгер» клубы олжалады. Күміс медальді Ресей клубтарының құрама командасы еншіледі. Ал қола медаль халықаралық аренада туған қаласының намысын қорғаған Хромтау балуандарына бұйырды.

Келесі жылы ұйымдастырушылар Орталық Азия елдерінен де команда шақыруды көздеп отыр.

Айта кетерлігі, бұл турнир 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Tugan Qala» жобасының бір парасы. Жоба тұрғындарды өз қалаларын көркейтуге және дамытуға жұмылдыруға бағытталған. Бес жыл ішінде «Tugan Qala» аясында бес елді мекенде: Хромтау, Ақсу, Рудный, Қашар және Октябрьскіде 97 жоба жүзеге асты. Жалпы инвестиция көлемі 690 млн теңгеден асып жығылды.

Be the first to comment on "Хромтауда тұңғыш рет қоян-қолтық ұрыстан халықаралық турнир өтті"

Leave a comment

Your email address will not be published.


*