Ресей Қорғаныс министрлігі Мәскеу мен тағы 14 аймаққа 150-ден астам украиналық дрон шабуыл жасағанын хабарлады. Мәскеу мэрі Сергей Собянин қаладағы мұнай өңдеу зауыты маңында екі дрон құлатылғанын айтты. Мәскеу облысындағы Кашира электр станциясы мен Тверь облысындағы Конаково қаласының электр станциясы да нысанаға алынған, деп хабарлайды «Тілші» BBC-ге сілтеме жасап.
Ресей Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, 158 дрон не құлатылған, не қағып алынған. Бұл – рекордтық сан, алайда бұған дейін де 100-ден астам дрон қатысқан шабуылдар болған. Мәселен, 14 тамызда министрлік сегіз аймақ үстінде 117 дрон жойылғанын хабарлаған.
Түнде министрліктің ресми мәлімдемесіне дейін 10 аймақтың билігі шабуыл туралы хабар таратты. Кейін әскери ведомство тізімге тағы бес аймақты қосты: Курск, Тамбов, Смоленск, Орел және Иваново облыстары. Ең көп дрон – 46-сы – Курск облысында құлатылған көрінеді. Алайда министрлік пен жергілікті әкімдер берген сандар сәйкес келмейді.
Түнгі бірден бастап Мәскеу мэрі Сергей Собянин сағат сайын телеграмда Мәскеуге бағытталған, бірақ Мәскеу облысында құлатылған дрондар туралы хабарлап отырды. Таңғы беске қарай әр түрлі аудандарда бес дрон құлатылған: Подольск, Ступино, Одинцово, Ленин қалалық округі.