«Сұхбат туралы сұхбат» — «Тілшінің» медиа мен БАҚ жайлы жобасы. Бұл жобада журналистер мен медиа құрылым өкілдері өз кәсібінің қыр-сыры, кәсіби ұстанымы мен қателіктері туралы айтады. Оқиғалар мен қоғамда талқыланып жатқан мәселелерге пікір білдіріп, ой қосады.
«Сұхбат туралы сұхбаттың» кезекті кейіпкері «Астана» арнасының Ақтөбе облысындағы телеоператоры Нұркен Жалмұханов.
— Нұркен, сіз телеоператорлық тәжірбиеңізде жүздеген, тіпті мыңдаған адамнан сұхбат алған боларсыз. Өзіңіз сұхбат беріп көрдіңіз бе?
— Кәсіби мереке қарсаңында әріптестерімді құттықтағаным болмаса, сұхбат беріп көрмеппін. Біз үнемі кадрдың сыртында жүреміз ғой. Бойым 1,87 см болса да еленбей қалатын кезім көп (күлді — ред.). Оған бола ренжіген емеспін. Өйткені мен таңдаған мамандықтың бір ерекшелігі осы. Көрермен кешкі асын ішіп отырып, теледидардан жаңалық көреді. Ол тіпті өзіне ұнаған кадрдың қандай еңбекпен келгенін білмеуі де мүмкін. Білуі де шарт емес. Сәтті шыққан әр кадр сыйлайтын ләззат өзіме ғана аян.
— Шығармашылыққа бұрыннан жақын адам болып тұрсыз ғой. Телеоператорлықпен айналысқаныңызға көп болды ма?
— Ақтөбе телеарнасына 1997 жылдың күзінде келдім. Оған дейін кәсіби фотограф едім. Телеарнаға ауысқанға дейін қалалық оқушылар сарайында фото үйірменің педагогы болып істедім. Әке-шешем мұғалім болған адамдар. Анам ұзақ жыл мектеп басқарды. Қанмен берілген болар, балалармен жұмыс істеген қатты ұнайтын. Ең алғашқы фотоаппаратымды 14 жасымда әкем сыйға тартты. Вилия-авто деп аталатын модель болатын. Достарымды, күшік пен мысығымды түсіріп жүретінім есімде.
Осыдан 27 жыл бұрын фотограф болып жүрген жерімнен мамандығымды өзгерттім. Телеоператорлыққа келіп түсінгенім — жан-жағында болып жатқан жайттарға немқұрайлы қарайтын адам журналистикада ұзақ жүре алмайды екен. Мысалы, оқиға орнына бардыңыз делік. Сол жердегі ахуалды, эмоцияны көрерменге жеткізу үшін жылдам шешім қабылдап, шалт қимылдау керек. Оқиғаның одан әрі қалай өрбитінін жетінші түйсігіңізбен сезіп, оған іштей дайын боласыз. Таспаға ілінбей қалған кадр үшін ішің удай ашитын кездер де болады.
Өз басым әр кадрдың «тірі» болуына қатты мән беремін. Адамдар, олардың эмоциялары, қимыл-қозғалысы мен әрекеті таспаланған кадрлар мен үшін анағұрлым құндырақ. Тәжірбиелі тележурналистер мәтінді видеоға қарап жазады. Ондай кезде телеоператордың маңдай тері зая кетпейді. Екі адамның жұмысы бүтін бір дүниеге айналып, көрерменді қуанта алады.
— Фотографтың телеоператорға айналу кезеңі қаншаға созылды? Ынтасы бар, тәжірбиесі жоқ маманға қолдау көрсеткендер болды ма?
— Әрине, болды! Сол жылдары Ақтөбе теледидарының бас режиссері болған Лира Шәріпова, тәжірибелі телеоператор Александр Семиков, Мұрат Сүйінғалиев, журналист Аманғали Сәтер бізге білгенін үйретуден жалыққан емес. Бір-екі айда қатарға қосылуыма үлес қосқан да солар.
Бір ғана мысал айтайын, ұзақ жылдар облыстық телевидениенің операторы болған Александр Семиков Ақтөбе көшелеріне троллейбус желісінің тартылған сәтін таспаға түсірген адам. Жаңылыспасам, Ақтөбеге троллейбус сексенінші жылдардың басында келген болуы керек. Сол парк осыдан біраз жыл бұрын жабылып қалды. Құдайға шүкір, облыстың 40-50 жылдық тарихын таспалаған Александр Петрович аман-есен. Күні кешеге дейін оның қолынан камерасы түскен жоқ.
Адамның маңдайына біткен орта не соры, не бағы болады емес пе? Облыстық арна телеоператор ретінде менің бағымды жандырып, одан кейін бірнеше телеканалда еңбек еттім. Облыс журналистикасының қарашаңырағы Ақтөбе теледидарын әрдайым ризашылықпен еске аламын.
— Сіз айтып отырған видео архив Ақтөбе теледидарының қорында сақталған ба? Қолыңызға сол құнды кадрлар түскен жағдайда не істер едіңіз?
— Деректі фильм дайындар едім. Өкінішке қарай, сол ескі кадрларды облыстық теледидар сақтап қала алмады. Видео архивтегі аймақтың 50-55 жылдық тарихы түгел жойылып кеткен. Ақтөбе теледидары алпыс жылдан астам тарихы бар ұжым. Кезінде ол жерде «Кинор» аппаратына жазылған пленкалар бар болатын. Қазір оның бірі де жоқ. Білуімше, 2015 жылдан бергі видеолар ғана цифрлық форматта сақталған.
— Сіз де «Кинор» аппаратымен жұмыс істеп пе едіңіз?
— Жоқ, мен облыстық теледидар S-VHS форматындағы камералармен жұмыс істеген жылдары келдім.
— Қазіргі камералар бұрынғыдай ауыр емес, микрофондар да сапалы. Бір сөзбен айтқанда, техника тұрғысынан мүмкіндік мол. Жұмысыңыз жеңілдеді ме?
— Дұрыс айтасыз, қазіргі микрофондар шыбынның ызыңа дейін жазып алады. Бұрынғыдай салмағы 14 келілік камераны көтеріп жүрген ешкім жоқ. Қолымыз ұзарғаны рас, бірақ жұмыс жеңілдеді дей алмаймын. Телеоператор болу — камерадағы кнопкаларды басу ғана емес. Жарықты қадағалау, композициялық шешім қабылдау, кей детальдарға акцент салу, дұрыс ракус таңдау – мұның бәрі кәсіби телеоператорлар күн сайын қолданатын әдістер. Біз оң көзімізбен камераның дисплейіне қарап, екінші көзімізбен жан-жақты бажайлап тұрамыз.
— Жас әріптестеріңіздің жұмысын көріп тұрасыз ба?
— Мен соңғы жылдары мүлдем теледидар қарамай кеттім.
— Қызық екен… Өміріңіздің 27 жылында түрлі телеарнада еңбек етіп, теледидар көрмейсіз бе?
— Күні бойы оқиға ортасында жүремін. Оны видеоға түсіремін, сосын монтаждаймын. Кешке қарай теледидарды қосуға құлқым болмайды. Бәлкім зейнет демалысына жақындап жүргендіктен де болар (күлді — ред.).
— Зейнет демалысы қашан еді?
—Амандық болса, үш жарым жыл қалды.
— Аман болыңыз! Сұхбатыңызға рахмет!
Автор: Бану НҰРҒОЖА