«Автопарк» ЖШС-не 25 жаңа автобус келіп түсті, ал қараша айының соңына дейін тағы 25 автобус жеткізіледі деп күтіліп отыр. Бұл туралы «Тілші» хабарлайды Ақтөбе облысының әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыс әкімі Асхат Шахаров автопаркке барып, қоғамдық көлік жүйесінің жұмысымен танысты. Қазіргі таңда автопарк қала бойынша 23 бағытта қызмет көрсетеді және күн сайын желіге 331 автобус шығарады.
Соңғы екі жыл ішінде мекеме 100-ге жуық жаңа автобус сатып алды. Бүгін келген 25 автобус №14, 22, 24, 26 және 42 бағыттарға қойылады.
Жаңа автобустар Қарағанды облысының Сарань қаласында шығарылатын «Yutong» маркалы көліктер. Әр автобустың құны – 64 миллион теңге. Олар 80 жолаушыға арналған, климат-бақылау жүйесі, пандус, жайлы орындықтар және ақпараттық табломен жабдықталған.
– Ақтөбеде 46 бағыт бойынша жолаушыларды төрт кәсіпорын тасымалдайды. Біз олардың автопаркін біртіндеп заманауи көлік құралдарымен жаңартып жатырмыз. Наурыз айында 30 жаңа автобус алдық, бүгін 25 және қараша айының соңында тағы 25 автобус келеді. Жолаушыларға жайлы жағдай жасау, қаламыздағы қоғамдық көлік сапасын жақсарту – басты мақсатымыз, — деді облыс әкімі Асхат Шахаров.
Жаңа автобустар ескі көліктерге түсетін жүктемені азайтып қана қоймай, жергілікті автопарктің жұмыс тиімділігін арттыруға септеседі.