Саясат

Трамптың митингі алдында Калифорнияда қару-жарақ асынған ер адам ұсталды

Фото: Reuters

АҚШ президенттігіне үміткер Дональд Трамптың Калифорниядағы митингісі өтетін жерде қарулы ер адам ұсталды. Полицияның хабарлауынша, бұл жағдай сенбі күні кешке Коачелла қаласында болған, деп хабарлайды «Тілші» BBC-ге сілтеме жасап.

Риверсайд округінің шерифі Чад Бьянконың мәліметінше, Трамптың сөз сөйлеуіне бір сағат қалғанда, бақылау-өткізу бекетінде 49 жастағы Лас-Вегас тұрғыны Вэм Миллер ұсталған. Ол қара түсті джип көлігін жүргізіп келе жатқан, өзімен бірге мылтық, оқталған тапанша және үлкен сыйымдылықтағы оқшашар болған.

Билік өкілдері ер адамның бірнеше паспорты мен жүргізуші куәлігі болғанын да айтты.

Хабарланғандай, ер адам заңсыз қару-жарақ және оқ-дәрі сақтағаны үшін тұтқындалып, кейін 5 мың доллар кепілдік ақы төлеп босатылған. Оның ісі бойынша сот отырысы келесі жылдың 2 қаңтарына белгіленген.

Билік өкілдерінің сөзінше, бұл оқиға Трамп пен митинг қатысушыларының қауіпсіздігіне әсер етпеген.

Жергілікті шериф полицияның Дональд Трампқа қастандық жасау әрекетінің алдын алғанын айтса да, оқиғаға қатысты көптеген сұрақтар жауапсыз қалды.

Оның айтуынша, күдікті өзін «Егемен азаматтар» тобының мүшесі деп таныстырған.

«Мен бұл топты әскери топ деп айта алмаймын. Бұл жай ғана үкіметке және мемлекеттік бақылауға сенбейтін топ», — деді ол.

Чад Бьянко — республикашыл, бұрын ол Трампты қолдаған. Ол — сондай-ақ үміткердің Калифорниядағы сенімді өкілі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *