Иран Ресейге екі ғарыш спутнигін жеткізді, оларды «Роскосмос» орбитаға шығаруға тиіс. Спутниктердің бірі Жерді бақылауға пайдаланылуы мүмкін, ал екіншісі байланыс спутнигі деп көрсетілген, деп хабарлайды «Тілші» Азаттыққа сілтеме жасап.
Ислам революциясы сақшылары корпусымен байланысты «Тасним» агенттігінің мәліметінше, спутниктерді жеке компания жобалап, құрастырған. Бұл спутниктерді орбитаға ресейлік «Союз» зымыран тасығышы шығарады деді агенттік. Бұған дейін Mehr агенттігі спутниктер Ресей аумағынан ұшырылады деп хабарлаған.
Ресей мен Иран кейінгі жылдары әскери-техникадағы байланысын нығайтып, оның ішінде зымыран мен ғарыш саласындағы әріптестік санын күрт арттырды. Батыс елдері Мәскеу Иранның әскери бағдарламаларын дамытуға қатысуы мүмкін деп күдіктенеді.
Иранның ресми ақпаратында Kowsar және Hodhod спутниктері бейбіт мақсатта пайдалануға арналған деп айтылған. Kowsar геодезия саласында бақылау жүргізеді, ал Hodhod спутнигі интернет үшін қолданылмақ делінген. Олардың екеуі де қос мақсатты көздейді, Иран спутниктерді әскери мақсатта да пайдалануы мүмкін.