Әлеумет

Әскерде көз жұмған сарбаздың соты: туыстары оған 300 мың теңге аударғанын айтты

Фото: Азаттық. Әскерде жүріп қаза болған сарбаз Досымжан Сәлімжанның ісі бойынша «Билiктi асыра пайдаланды» деп айыпталған лейтенант Жанбота Шәкіров сотта отыр. Алматы, 21 қазан, 2024 жыл.

Жетісу облысы Сарыөзек кентіндегі №29108 әскери бөлімінде борышын өтеп жүріп «таяқ жегенін» айтқан, кейін госпитальде көз жұмған сарбаз Досымжан Сәлімжан туыстарынан жиі ақша сұраған. Жақындарының айтуынша, олар жарты жыл ішінде сарбазға жиыны 300 мың теңгеге жуық ақша салған. Бұл туралы Азаттыққа сілтеме жасап, «Тілші» хабарлайды. 

Досымжан Сәлімжанның анасы Ардақ Иманғалиеваның сөзінше, ұлы тамаққа деп көп ақша сұраған, кейде ол ақшаны әскери бөлімге А4 қағазын сатып алуға жұмсайтынын айтқан.

21 қазанда Алматы гарнизоны әскери сотында сарбаз ісі бойынша екінші сот отырысы өтті. Бұл істе батальон командирі Жанбота Шәкіровке «билігін асыра пайдаланды» деген айып тағылған. Лейтенант Шәкіров тағылған айыпқа келіспейді.

Қатардағы жауынгер болған Досымжан Сәлімжанның әкесі Беркін Бекмурзиннің айтуынша, олар командирдің шотына кемі 7-8 рет ақша салған. Шәкіров «ол ақшаны сарбаздың өзіне бердім» деді.

– Ақшаны өзіме алған жоқпын. Өздері дүкенге жұмсады, донер алды, тәтті алды. Оның 1100-1500 теңгесін не істеймін, байып кетпеймін ғой, – деді айыпталушы Жанбота Шәкіров Азаттыққа.

Командирдің әкесі Айтбай Шәкірұлы «іс ойдан құрастырылған» деп есептейді.

– Жалғыз менің баламды ғана кінәлап отыр. Басқа ештеңе жоқ. [Қол көтергеніне] сенбеймін, мен баламды олай тәрбиелеген жоқпын, қол көтерсін деп. Ол өзі абыройлы болған бала. Осының бәрі құралған ертегі, [марқұм сарбаздың] анасы [ойдан] құрап алған, – деді ол.

Досымжан Сәлімжанмен бірге борышын өтеген сарбаздар сот тергеуінде жауап берді. Олардың айтуынша, Досымжан әскерде батальон командирінің кабинетінде компьютерде жұмыс істеп, қағаз шығарумен айналысқан. Куәлердің айтуынша, Досымжан қағаз толтырғанда қате жіберсе, командир Шәкіров оның бүйрек тұсынан жұдырықпен, басынан шапалақпен ұрған.

Айыпталушы Шәкіров Азаттыққа «командир ретінде кемшіліктеріне қатаң қараймын, тәртіп бұзса, қатты ұрысқан кезім болған шығар, бірақ қол көтерген жоқпын» деді.

Марқұм сарбаздың анасы Ардақ Иманғалиева Досымжанға қатысты бұдан бөлек тағы екі іс ашылғанын айтты. Оның сөзінше, «Алаяқтық» бабы бойынша қозғалған істе әскерге Досымжаннан жарты жыл бұрын ерте барған әскери қызметкер оның атынан 180 мың теңге несие алған. Ол айыбын мойындаған деді Ардақ Иманғалиева. Екінші іс «Медицина қызметкері міндетін тиісті түрде орындамады» деген бап бойынша қозғалған.

19 жастағы Досымжан Сәлімжан былтыр қазанның ортасында әскерге міндетті борышын өтеуге барған. Биыл 13 мамырда Алматыдағы әскери госпитальде көз жұмды. Клиникалық диагнозда сарбаз өліміне «бүйрек ауруы» себеп болған деп көрсетілген. Ата-анасы Досымжанның қазасы оның әскерде «таяқ жегенінің тікелей салдары» деп санайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *