Алматы қаласы Медеу ауданының №2 соты мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болаттың ісін қарап, ол пробация талаптарын бұзған деген шешім шығарды, деп Азаттыққа сілтеме жасап, «Тілші» хабарлайды.
Судья Қанат Арынов бостандығы шектелген Нұрасыл Болаттың жазасын бас еркіндігінен айыру жазасына ауыстырды. Нұрасыл Болат пробация шартын үш мәрте бұзған деді сот.
Сот шешіміне сәйкес, депутаттың ұлы жазасының қалған мерзімін – 1 жыл, 5 ай және 10 күнді қауіпсіздігі орташа колонияда өтетін болды деп жазды жергілікті басылымдар.
Сейсенбі, 22 қазанда Нұрасыл Болат сот залында қамауға алынған.
View this post on Instagram
Өткен аптада әлеуметтік желіде пробация бақылауында жүрген Нұрасыл Болаттың мерекелік шарада отырғаны көрінетін видео тарап, қызу талқыланған. Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық атқару жүйесі комитеті «пробация бақылауын бұзу фактісі бойынша сотталушыға ескерту берілді, бас еркіндігінен айыру жазасына ауыстыру туралы мәселені шешу үшін сотқа материал дайындалып жатыр» деп хабарлаған.
2024 жылы мамырда сот ерлі-зайыпты заңгерді ұрды деп айыпталған Нұрасыл Болаттың бостандығын 2 жылға шектеген. Оған сәйкес, депутаттың ұлына алкоголь өнімдері бар орынға баруға, 22:00-ден кейін үйден тыс жерде болуға тыйым салынған.
Депутат Дәулет Тұрлыханов 16 қазанда парламент үйінде БАҚ өкілдеріне осы жайт жөнінде пікір білдірген.
– 21-дегі бала. Оны бас еркіндігінен не үшін айырамыз? Кешкі уақытта әріптестерімен отыр. Ішіп отырған жоқ. Ол бала ішпейді. Бірден түрмеге қамайтын болсақ, дұрыс болмайды ғой, ол – тәрбие емес. Қазір балама қатты сөйлеп жүрген жоқпын, ұрысатын жағдай емес. Оның денсаулығын ойлап жүрмін, – деді депутат сұрақ қойған журналистерге.
Тұрлыханов «өз жұмысыма әріптестерімнен ешқандай сұрақ жоқ. Мандатымды тапсырам ба, жоқ па, оны сайлаушыларым ғана шеше алады» деді. 2023 жылы ол бірмандатты сайлау округінен мәжіліс депутаты болып сайланған.
2023 жылы ақпанда Нұрасыл Болат Алматыда ерлі-зайыпты заңгерлер – Анна Чернова мен Олег Черновты ұрды деген күдікке ілінген. Черновтар Нұрасыл Болат көшеде қызды ұрып жатқанын көріп, араша түспек болғанын айтқан. Депутаттың ұлы Черновтарға жұдырық сілтегені анықталғаннан кейін Нұрасыл Болаттың үстінен іс қозғалған. 2023 жылы қазанда Алматы соты оны кінәлі деп тауып, 500 АЕК айыппұл салды. 2024 жылы мамырда Жоғарғы сот шешімді қайта қарап, Нұрасыл Болаттың бостандығын шектеген.