Aqtobe Day Әлеумет

Ақтөбеде мектеп оқушылары бассейндерге бара алмай жүр. Билік тағы қандай уәде береді?

«Чайка» бассейнінің ұзақ жөнделгеніне байланысты бір топ ақтөбелік 1 қараша күні наразылық білдірді, деп хабарлайды өз тілшіміз.

Жұма күні бассейнге жиналған спортшы балалардың ата-аналары жөндеу жұмыстарын тез арада аяқтауды талап еткен.

«Олимпиада резервінің «Чайка» бассейні 2023 жылғы мамыр айында жабылды. Бір жылда жөндеп боламыз деген. Бір жарым жыл өтті. Осы аралықта су спортымен айналысатын жүздеген бала жеке бассейндерді жағалап жүр. Жеке бассейндердегі жаттығу уақыты небәрі бір сағат. Оның үстіне жаттықтырушылары болмағандықтан осы кезге дейінгі еңбектің бәрі далаға кетіп жатыр. Мемлекетке қарасты «Достық» бассейнін де жөндейміз де жауып тастады. Екеуінің бір мезетте жабылып қалғаны кішкентай спортшыларға қиын болды», — дейді наразылардың бірі Әйгерім Әлмұратова.

Ақтөбеде мемлекетке қарасты үш бассейн бар. Оның екеуі «Чайка» мен «Достыққа» күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Қаланың ескі бөлігіндегі «Дельфин» бассейні апатты жағдайда болғандықтан спортшыларды қабылдай алмайды. «Дельфин» қазір жабық. Ақтөбе әкімдігі «ескі бассейнді сүріп тастап, орнына жаңасын саламыз» дейді.

Күрделі жөндеуге дейін «Чайка» бассейнінде 400 бала су спортымен айналысқан. Ал «Достық» бассейніне 850 бала барып жүрген.

«Чайканы» биыл мамыр айында жөндеп болады деп жоспарлағанбыз. Бірақ күрделі жөндеуді мойнына алған құрылыс компаниясы сот шешімімен жосықсыз мердігер деп танылды. Себебі компания Ырғыздағы спорт мектебінің құрылысын аяқтамай кеткен. Сот жосықсыз мердігер деп танығандықтан «Чайкадағы» жұмыс та бітпей қалып отыр», — дейді Ақтөбе облыстық спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Шыңғыс Шоқпытов.

Спорт басқармасы «Чайка» бассейні алдағы аптада ашылады деп отыр. Бірақ құрылысты кім аяқтайтынын айта алмады.

«Чайка» бассейнінің директоры Болат Еңсепбаевтың сөзіне қарағанда, жоспарлы жұмыстың 95 пайызы орындалған.

«Жұмыс толық аяқталмады. Қалған жұмысты ұжымның күшімен атқарып жатырмыз», — дейді ол.

Ақтөбе әкімдігінің мәліметінше, «Чайка» бассейнін жөндеуге – 140 млн 890 мың теңге, «Достыққа» — 470 млн 637 мың теңге бөлінген.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *