Ақтөбе облысында биыл 57 адамнан АИВ анықталып отыр, деп хабарлайды «Тілші».
Анықталғандардың ішінде 47-сі ер адам. 56 адам АИВ инфекциясын жыныстық қатынас арқылы жұқтырған.
Дүниежүзілік ЖИТС-ке (СПИД) қарсы күрес күні қарсаңында өткізілген баспасөз мәслихатында Облыстық ЖИТС орталығының дәрігерлері АИВ инфекциясының алдын алу шараларын алға тартты.
Осы орайда дәрігерлер ЖИТС орталығында, кез келген емханада АИВ инфекциясына тексерілу тегін екенін жеткізді.
Инфекция жұқтырған адамда басында ешбір ауру белгілері байқалмауы мүмкін. Кейіннен тұмау тәрізді синдром белгілері көріне бастайды. Әдетте инфекцияның симптомсыз кезеңі ұзаққа созылады.
Ауру үдеген жағдайда адамның иммундық жүйесі әлсірейді.
Дәрігерлер АИВ инфекциясын 20-39 жас аралағындағы азаматтар көбірек жұқтырады дейді. Оның ішінде ер адамдар саны көп.
Иммун тапшылығы вирусын емдеуге болады. Ретровирусқа қарсы күшейтілген терапияның нәтижесінде АИВ инфекциясының анадан балаға берілу қаупі төмендеген.
Облыс аумағында анасынан АИВ инфекциясы табылса да, дені сау болып дүниеге келген сәбилердің саны 70 ке жуықтаған. ЖИТС орталығына келіп, ем алып, қоғамда өзгелермен тең өмір сүріп жатқан адамдар бар.
Дәрігер нұсқаулығын толық орындаған адам уақытылы тексеріліп тұрады. Тексерілуден бастап, АИВ инфекциясына емдеу тегін жүргізіледі. ЖИТС орталығында «Достық» кабинеті жұмыс істейді. Орталыққа келіп, тексеруден өткен кезде адамның аты-жөнін айтпауға да құқы бар. Сілекей арқылы тексеретін экспесс-тест әдісі санаулы минуттарда нәтижесін шығарып береді.