Aqtobe Day Медиа

Мөлдір Ғапиз, азаматтық журналист: «Құқығын қорғағысы келген адам автоматты түрде сүйкімсіз болып шыға келеді»

«Сұхбат туралы сұхбат» — «Тілшінің» медиа мен БАҚ жайлы жобасы. Бұл жобада журналистер мен медиа құрылым өкілдері өз кәсібінің қыр-сыры, кәсіби ұстанымы мен қателіктері туралы айтады. Оқиғалар мен қоғамда талқыланып жатқан мәселелерге пікір білдіріп, ой қосады.

«Сұхбат туралы сұхбаттың» кезекті кейіпкері Ырғыз ауданының тұрғыны, азаматтық журналистика өкілі Мөлдір Ғапиз. 

— Мөлдір, кәсіби журналистикаға еш қатысы жоқ бола тұра өзі тұратын елді-мекеннің жаңалығын таратып, халықты ақпараттандыратын адамдарды азаматтық журналистика өкілі дейміз. Жерлестеріңіз сіздің азаматтық журналистика өкілі екеніңізді білетін болар?

— Азаматтық журналист атанбас бұрын «арызқой», «бәлеқор» деген сияқты неше түрлі атым болды. Шалғай ауыл тұрғындары жақсы біледі, өзінің болсын, өзгенің болсын құқығын қорғағысы келген адам автоматты түрде елге сүйкімсіз болып шыға келеді. Егер сіз жұмыссыздық жайлаған өңір тұрғыны болсаңыз, басшыға, болмаса әкімдікке ұнамайтын сөз айту — жыл келгендей үлкен жаңалық. Жұрттың бәрі сыртыңнан саусағын шошайтып, ішпей-жемей «жұлдыз» болып шыға келесіз.

Мен Ырғыз гимназиясының еденін жуамын. Осыдан 2-3 жыл бұрын ғой деймін, кіші қызметкерлерге дәретхана тазалағаны үшін берілуі тиіс қосымша төлемді даулап, жеке парақшама жазба жариялағанмын. Содан кейін бізге бір жылдық төлем берілді. Жұрт маңдай терінің өтеуіне қуанса, мен заңның үстемдік құрғанына, әділдіктің барына қатты қуандым.

Осы оқиға маған сабақ болды. Лауазымына, әлеуметтік статусына қарамай адамның бәрі бірдей екенін бұрын да білетінмін. Мына оқиғадан соң сенімімді бекітті. Бұрыннан да әділетсіздік, озбырлық көрсем шыдап тұра алмайтын мінезім бар еді. Кейінгі кезде белсенділігім арта түсті.

— Әдетте журналистерге, блогерлер мен өзіңіз сияқты азаматтық журналистика өкілдеріне проблема айта келушілер көп болады. Жерлестеріңіздің сізге жүгінген кезі болды ма?

— Ағылып келіп жатады десем ол қып-қызыл өтірік болар еді. Ырғыз — алақандай ауыл. Ешкімнен ештеңе жасыра алмайсың. Жасырайын деген ниетім де жоқ. Жалған сөйлеу, жоқты бар етіп көрсету — менің табиғатыма жат нәрсе.

«Ойбай, жылусыз отырмын», «анадан озбырлық көрдім» деп келетіндер бар. Ондай жағдайда ең алдымен құзырлы органдарға жүгіну керегін, ресми хат жолдаған жөн екенін түсіндіремін. Өйткені мен сот та, прокурор да емеспін. Мектептің еденін жуып жүрген қарапайым адаммын. Бірақ Ырғыз сияқты шалғай ауылда отырсақ та біздің жақта да мемлекеттің атынан сөйлейтін адамдар, құзырлы органдар бар. Алдымен солардың алдынан өткен дұрыс.

Екіншіден, ешкімге қолшоқпар болғым келмейді. Эмоцияға салынып, көзім жетпеген ақпаратты жарияласам, ертеңгі күні ол үшін жауап беретінімді де жақсы түсінемін.

— Азаматтық журналистикаға сын айтушылар көп. Біреулер азаматтық журналистика өкілдерінің кәсіби білігіне күмәнданады. Енді біреулер контент таратқан кезде пайдакүнемдікке салынады деп жазғырады. Бұған не дейсіз?

— Жұрттың бәрі үшін жауап бере алмаймын. Ал өзімнің  ақша үшін арымды сатқан кезім жоқ. Иә, мен әлі журналист этикасын жете білмейтін болармын. Кәсіби журналистер сияқты деректермен дұрыс жұмыс істей алмайтыным да рас. Өйткені мен кәсіби журналист емеспін. Журналистика факультетін бітіргенім жоқ. Бірақ бұл — ақталу емес, құпия да емес. Бұл — шындық.

 

Азамат Әбілқайыр, тележүргізуші: «Қазір көп сөздің емес, дөп сөздің заманы»

Азамат Әбілқайыр, тележүргізуші: «Қазір көп сөздің емес, дөп сөздің заманы»

 

Алайда мен қол қусырып қарап отырғаным жоқ. Биыл қазан айында «Мінбер» медиа ұйымы ұйымдастырған тренингке қатыстым. Тренинг нәтижесі бойынша «Дата журналистика және жасанды интеллект шеберханасының» ынталандыру жүлдесіне ие болдым. Одан кейін «Белсенді қыз-келіншектердің медиа қауіпсіздігі» мектебін тәмамдадым.

Журналистикаға деген қызығушылығым мектепте оқып жүрген кезімнен басталды. Жоғарғы сыныпта ең алғаш рет ЕШКО курсынан өткенмін. Содан бері қарай журналистика курсы бойынша 16 мәрте қашықтан дәріс алған екенмін. ЕШКО мені тегін оқытқан жоқ. Мұның бәрі ақылы курстар. Еден жуушының жарытымсыз жалақысынан, баламның аузынан жырып жүріп оқыдым. Әрине, бәрі өзім үшін, балам үшін, болашағым үшін. Әлі де үздіксіз оқи берер едім. Кейде қолдың қысқалығынан қиналамын. Ал енді ақысыз тренингтер, семинарлар, вебинарлар, қысқаша курстар туралы естісем, қалып қоймауға тырысамын.

— Ырғыз кәсіпкерлерінің жаңалығын Isker Tilshi жобасынан көре бастадық. Ауыл кәсіпкерлерінен сұхбат алып, видео түсіруді қолға алыпсыз. Алғашқы сұхбатыңыз шыққанда қуанған боларсыз?

— Жүрегім жарыла қуандым. Өйткені Isker Tilshi жобасына араласу — мен үшін тағы бір белес. Құр қиялмен қол қусырып отырмай, арманыма қарай аяңдап болса да келе жатырмын.

 

Қонысбек Терекұлы, тележүргізуші: «Документалистика жанрында шамамды байқап көргім келеді»

Қонысбек Терекұлы, тележүргізуші: «Документалистика жанрында шамамды байқап көргім келеді»

 

Шағын видео түсірген кезде журналистиканың үлкен жауапкершілік екенін бұрын да білетінмін. Қазір оқиға ортасына барып, үлкен репортаждар әзірлеп жүрген тілшілерге деген құрметім тіпті арта түсті.

Қиындығына да, жауапкершілігіне де қарамастан мен де кәсіби журналист болғым келеді. Әзірше азаматтық журналистика өкілімін. Ырғыз сияқты шалғайда жатқан, кей жағдайда  кәсіби мамандардың аяғы жете бермейтін жерге азаматтық журналистер ауадай қажет.

— Арманыңызға жетіңіз! Сұхбатыңызға рахмет!  

Марат Төлепберген

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *