2025 жыл елімізде «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жарияланды. Осыған орай Астанада техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы ең ауқымды іс-шаралардың бірі – «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі өтті.
Фестиваль аясында Ақтөбе студенттері үздік жобаларын таныстырып, жүлделі орындарға ие болды.
Республикалық фестивальде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің техникалық факультетінің студенттерінен құралған «Oil Angels» командасы ерекше жетістікке жетіп, бірінші орынға ие болды.
Команда жетекшісі, «Мұнай-газ ісі» кафедрасының доценті Жадырасын Сарқұлова фестиваль аясында өткен Хакатонның болашақ жұмысшы мамандықтарының дамуына арналған маңызды алаң болғанын атап өтті.
«Біз жобамызда подшипниктерге болжамды қызмет көрсету үшін жасанды интеллектіні қолдану жолдарын таныстырдық. Металлургия және мұнай-газ саласында жабдықтың маңызды тораптары, мысалы, прокаттық станның, сорғылар мен компрессорлардың подшипниктері жоғары жүктеме әсерінен тез тозады. Бұл тораптардың істен шығуы күтпеген жабдықтың тоқтап қалуына, миллиондаған шығындарға және өндіріс үзілістеріне әкелуі мүмкін.
Классикалық диагностика әдістері регламенттелген немесе апаттық жөндеуге негізделген, бірақ бұл тәсілдер тиімсіз. Подшипниктердің тозуын IoT-датчиктерінің көмегімен нақты уақытта бақылайтын, ал жасанды интеллект алгоритмдері арқылы ақауларды болжайтын болжамды техникалық қызмет көрсету жүйесін әзірлеуге болады. Біз ұсынған жоба өндіріс саласында нақты қолдануға болатын AI-модельге негізделіп, әділқазылар тарапынан жоғары бағаланды», — дейді ол.
Бұл сайыста болашақ инженерлер мен зерттеушілер жасанды интеллектінің өнеркәсіптегі рөлін дамытуға арналған нақты шешімдер ұсынды. Әрбір команда өз жобаларында заманауи технологияларды қолданып, өнеркәсіп салаларындағы жұмысшы мамандықтарды жаңғырту жолдарын көрсетті.
«Өңдеу өнеркәсібі, мұнай-газ ісі және металлургия» бағыты бойынша Жұбанов университетінің тағы бір «TechDigital» командасы жүлделі үшінші орынды иеленді. Бұл команда да өз жобасында өнеркәсіпте тиімділікті арттыруға арналған жаңа технологиялар мен инновациялық шешімдер ұсынды.
Айта кетейік, ауқымды жиынға ірі өнеркәсіп орындарының өкілдері, студенттер, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының мамандары қатысты. Бірегей форматтағы фестиваль жұмысшы мамандықтар жылын ашатын алғашқы ресми шара болды. Ол қатысушыларға әртүрлі кәсіптердің ерекшеліктерімен танысуға, интерактивті алаңдар мен мамандандырылған жабдықтар арқылы экономиканың түрлі саласында өздерін сынап көруге мүмкіндік берді.