Aqtobe Day Азаматтық қоғам

Батыс аймақтағы азаматтық қоғамның ахуалы қандай? Tilshinews.kz Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарындағы жұмысты саралады

Бұл материал шешім журналистикасы жанрында Solutions Journalism Lab II жобасы аясында дайындалған және автордың жеке көзқарасын білдіреді.

Ақтөбе облысында азаматтық секторда мәселе көп.  Осы салада жүрген белсенділерді сөзге тартқанда байқағанымыз осы.

«Сырткөз байқампаз болады» дегендей, әлеуметтік желілерден көршілес Атырау мен Маңғыстау облыстарында азаматтық қоғам, яғни үшінші сектордың әлдеқайда белсенді жұмыс істейтінін көруге болады.

TilshiNews.kz осы зерттеу жобасы арқылы батыс өңірдегі азаматтық сектордың тыныс-тіршілігін тереңірек түсініп, сәтті кейстерді бөлісуді және азаматтық қоғамды дамытудың нақты ұсыныстарын жинақтауды мақсат етті.

Ақтөбе облысының әкімдігі

«Ресурстық орталықтардан қайыр жоқ»

Ақтөбе облысында азаматтық қоғам қалай дамып жатыр? Беталысы қандай? Өрлеу байқала ма әлде керісінше құлдилау ма?

Рас, азаматтық қоғамды түсіну – бір бөлек, оған белсене араласу – басқа әңгіме. Екінің бірі бара бермейтін, саналы түрде түсініп, ыстығына күйіп, суығына тоңып, басын тәуекелге тігуге дайын азаматтық қоғам өкілі болу кез келген адамның қолынан келе бермейді.

Өкінішке қарай, облыста нендей проблема бар, азаматтық қоғам қандай бағытта дамуы керек, жаңа толқын қосылып жатыр ма деген сарындағы сауалдар естілмеді де, сәйкесінше, оларға жауап та, ұсыныс та мүлде болмады.

Аты-жөнін атамауды өтінген жас белсенді ҮЕҰ құру үшін ресурстық орталықты жағалағанын, алайда ешбірінен көмек көрсетуге ыңғай байқалмағанын көріп, қолды бір сілтегенін айтты.

«Саған неге керек?», «Оңай емес», «Әбден ойлан» деген сияқты сұрақтың астына алды. Ақырында қолды бір сілтедім. Әрине, жаспын. Білмейтінім көп. Бірақ, тәжірибелі аға буын тарапынан қолдау сезінбедім. Мен сияқты бастамашыл жастар көп, алайда құжаттамаға келгенде сүрінетініміз анық, сауатымыз жете бермейді. Тәжірибелі ҮЕҰ өкілдері жолатпайды», — деп ағынан жарылды жас белсенді Маржан (есімі өтініші бойынша өзгертілді — авт.).

Өкінішке қарай, Маржанның айтып отырғаны рас. Мұндай ойды бізге бірнеше адам айтты.

Анықтама: Ақтөбе облысында азаматтық секторға 2024 жылы 2,3 млрд теңге қарастырылған. Ал азаматтық қоғамы ерекше белсенді саналатын Маңғыстау облысында 1 млрд теңге бөлінген (дереккөздер: Ақтөбе және Маңғыстау облыстарының ішкі саясат басқармалары).

Құралай Бәйменова, Ақтөбе облыстық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қорғау ұйымының президенті:

— Азаматтық қоғам саласында даму көріп тұрғаным жоқ. Беделді адам қалмады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қоғамдық сипаттағы мәселелерді көтере алатын тұлғалар болды. Қазір сондай адамдар жоқ. Қоғамда жалпыәлеуметтік ұнамдылық-моральдық ережелер қалмады. ҮЕҰ үнін естімейміз. Алайда, мемлекеттік тапсырысты бөліске саларда түрлі белсенді пайда болады. Азаматтық қоғам мәселелерді көре біліп, шешімін ұсына алуы керек. Қазір «осы адам қоғамдық пікір көшбасшысы» деп саусақпен көрсете алмаймыз. Есесіне халық белсенді. Х сағаттарда өздері белсеніп шығып, жабылып мәселені шешеді.

Әлішер Мәжит, «Ақтөбе облысының Азаматтық орталығы» ЗТБ жетекшісі:

— ҮЕҰ бағытын реттейтін жаңа заң қабылданады деп күтіп жүрміз. Қазіргі таңда азаматтық қоғам деген түсінікке қоғамдық ұйымдардан өзге, қоғамдық кеңестер, партиялар, батырлар атымен аталған қорлар, тағы басқалар кіреді. Ара-жігін заңмен нақтылап алу керек. Спорт федерациялары да азаматтық қоғам санатына еніп кетті. Меніңше, азаматтық қоғамда мәселе аз емес. Солардың бірі — ұрпақтар сабақтастығы жоқ. Кезінде мықты саналған ұйымдар ізбасарларын дайындамады. Бірді-екілі ұйым өзін сақтап қала білді. Қазір ҮЕҰ басшылары кімдер? Мұғалімдер, спорт жаттықтырушылары, тағы басқа қарапайым адамдар. Ұйымдарда біліктілігі төмен заңгерлер, біліксіз бухгалтерлер, мемлекеттік сатып алу маманы жұмылдырылған. Билікпен қатынасымыз жақсы. Дегенмен, бірнеше отырысына бардым, байқағаным отырыстар формальды сипатқа ие болды. Қазір облыс әкімінің жаңа орынбасары ұсыныс-тілектерімізді хаттамаға енгізіп, шынайы жұмыс жүре бастаған сыңайлы.

«Ұрпақтар сабақтастығы»: Атырау мен Маңғыстауда жаңа белсенділер легі өсіп келеді

Ал Ақтөбемен көршілес Маңғыстау облысы — Қазақстандағы азаматтық қоғам дамуының үлгісіне айналып отыр деуге болады. Бұл өңірде аға буын мен жас толқын арасында нақты сабақтастық бар. Жастарды қолдап, үнемі жаңа мүмкіндіктер ұсынып келеді. Бір қарасаң – ауыл әкімдерін Еуропаға апара жатады, бір қарасаң — өңірлік азаматтық белсенділерді еліміздің әр түкпіріне іссапармен жіберіп отырады. Енді осы күндері азаматтық қоғамды жаңа толқынмен толтыруды ойластырып жатыр. Мәселен, кейде ауыл әкімдерін шетелдік тәжірибемен танысу үшін Еуропаға апарса, кейде өңірлік белсенділерді еліміздің әр түкпіріне іссапармен жіберіп отырады. Бұл тәжірибе жаңа буынға серпін беріп, азаматтық сектордағы жауапкершілікті өз мойнына алуға ықпал етеді. Енді осы күндері азаматтық қоғамды жаңа толқынмен толтыруды ойластырып жатыр.

Tilshinews.kz редакциясы Батыс өңірдегі үш облыстың азаматтық қоғамының даму барысын зерделеп көрді. Бұл мақсатта Ақтөбедегі жағдайды таразылап алып, Атырау мен Маңғыстау облыстарына барып, азаматтық қоғам өкілдерімен тілдестік, жергілікті атқару органы өкілдерінің жауабын тыңдадық, азаматтық альянс басшылығымен сұхбаттастық. Аймақтардағы сәтті кейстерді, жүйелі жұмысты көрдік.

 

«Басқа облыстарда баламасы жоқ Азаматтық орталық Атырауда бар»

Атырауда азаматтық қоғам мен билік арасындағы байланыс жүйелі жолға қойылған. Бұл жөнінде азаматтық сектордан мемлекеттік қызметке ауысқан Әйгерім Жәрдемқызы айтып берді. Қазір ол Атырау облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарады.

Әйгерім Жәрдемқызы

«Менің жеке ойым – жергілікті атқарушы орган мен азаматтық секор арасында жақсы байланыс бар деп есептеймін. Мысалы, Атырау облысында республиканың басқа облыстарында баламасы жоқ Азаматтық орталық деген мекеме жұмыс істейді. Бұл – кәдімгі ішкі саясат басқармасы жанынан құрылған мемлекеттік мекеме. Негізгі мақсаты – азаматтық секторды, үкіметтік емес ұйымдарды, волонтерларды, белгілі бір қоғам белсенділерін қолдау. Соларға көмектеседі, жұмыстарының жүріп кетуіне мүдделі», деді Әйгерім Жәрдемқызы.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Ақтөбе зауытындағы наразылық: жалақы дауы ішінара шешілді

Айтуынша, мұндай құрылым басқа аймақтарда әлеуметтік тапсырыс немесе қысқа мерзімді мемлекеттік грант негізінде ғана жұмыс істейді. Ал Азаматтық орталық – тұрақты мекеме.

«Қысқа мерзімді грант арқылы жүзеге асқан жобалар жарты жылда үзіліп қалады. Бір жылдың алғашқы 3-4 айы құжат рәсімдеуге кетсе, қалған жеті-сегіз айында жасалған жұмыс мардымсыз болады. Сондықтан азаматтық қоғам жұмысы тұрақты әрі жүйелі болсын десек, осындай Азаматтық орталықтың маңызы зор, — деді ол.

Әйгерім Жәрдемқызының айтуынша, Атыраудағы үкіметтік емес ұйымдар мен қоғам белсенділері әкімдікке еркін кіріп, әкімдікке келіп, мәселесін еркін айта алады. Және оған жауап ала алады.

«Мемлекеттік қызметке келгеніме 2 жылдай болды. Бұрын үкіметтік емес ұйымда қызмет еттім. Ол уақытта шыны керек жас болдық, көп мәселені жеткізе алмаған шығармыз. Қазір пікір білдіру алаңы өте көп. Жаңағы айтқан Азаматтық орталықтың өзінде үлкен жұмыстар атқарылып келеді. Ішкі саясат басқармасының басшылығы тұрғындармен де, азаматтық белсенділермен де кездеседі, олардың сөзіне құлақ асады. Арнайы алаңдарда мәселелер көтеріледі, тыңдалады. Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары ретінде шешімін табуға тырысып жатырмыз», — деді ол.

 

«Азаматтық қоғам мен жастарға не қажет екенін анықтайтын зерттеу жүргізеді»

Әйгерім Жәрдемқызы қоғамдық сектор жұмысына ерте жастан араласқан. Ертеректе «Жүректен жүрекке» деген волонтерлік қозғалыстың негізін қалады, кейін бұл бастама бүкіл елге тарады. 2017 жылы облыстық жастар ресурстық орталығын басқарды. Сол жылдары Маңғыстау облысының әкімі болған Нұрлан Ноғаевтың азаматтық қоғамды дамыту бойынша штаттан тыс кеңесшісі қызметін атқарды.

Қазір оның негізгі жауапкершілігі — үкіметтік емес ұйымдар мен жастар саясаты саласындағы жұмыс.

«Жоба жасау — күрделі әрі жүйелі процесс. Оны ойдан шығарып, бір күнде дайындай салуға болмайды. Бұған дейін халықаралық ұйымдардың тренинтеріне қатыстым, тәжірибелі ҮЕҰ өкілдерінің семинарларынан өттім. Грант алудың, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс ұсынудың тәртібін білемін. Қызметте негізге алатын құжаттар бар. Егер жастар бөлімін алып қарайтын болсақ, жастарды дамытуға бағытталған бірқатар тапсырмалар бар. Министрлік деңгейінде бекітілген, осы мәселені шешу үшін міндеттемелер қойылған», — дейді Әйгерім Жәрдемқызы.

Оның айтуынша, жобалар нақты деректерге, зерттеу нәтижелеріне сүйеніп жасалады, яғни азаматтық қоғам жобаны ауадан алмайды.

«Сарапшылармен кездесеміз. Аналитикалық жұмыстар жүргізетін құрылымдар, ғылыми-зерттеу орталықтары бар. Зерттеулермен жылдың басында арнайы танысып отырамын. Сол жерде нақты статистика, нақты проценттер көрсетіледі. Менің көкейімде жүрген мәселелер, жастарды толғандыратын мәселелер сол зерттеулер қорытындысына сәйкес келе ме, келмей ме деген сұрақ туындайды. Одан бөлек ішкі саясат басқармасы жанынан құрылған Қоғамдық пікірлерді зерттеу орталығы коммуналдық мекемесінің қызметкерлеріне хабарласып, жыл ішінде жастар қатысатын шараларға зерттеу жасатамын. Жастар қатысып жатқан шараларда орталық қызметкерлері сауалнама жүргізеді. Сұрақтарға жауап іздейді. Университет базаларында QR код арқылы өтіп, ой-пікірін білдіре алатын жағдай жасап қойдық. Бұл ұсыныс-тілек ескерусіз қалмайды», — деді ол.

Screenshot

«Әлеуметтік жобалардың нәтижесі 5-10 жылда көрінеді»

Идеология саласына қыруар қаржы бөлінгенімен, Әйгерім Жәрдемқызының айтуынша, жобалар бір жылда нәтиже бере қоймайды. Әлеуметтік жобалардың жемісін көру үшін бес, тіпті он жыл қажет болуы мүмкін. Айналып келгенде сол жобаның игілігін көретін – жастар. Олардың тұлға болып қалыптасуына көмектесуі мүмкін. Жат әдеттерден аулақ болуына септігін тигізер. Қазір нашақорлық, лудомания белең алып жатыр, солардың алдын алу да керек.

Былтырдан бастап өңірде «Өзгеріс көшбасшылары» деген жоба басталыпты.

«Биыл осы жобаға қызығушылық танытып жатқан жастардың көп болғаны қуантады. Бір жағынан менмін деген, үлкен аудиториясы бар жастар тарапынан қызығушылық жоғары. Пандемия кезінде жаңа жастар көріне бермеді. Енді жаңа жоба аясында білімді, біліктілігі жоғары, жоба жасай алатын жас көшбасшылардың көбейгенін көздеп отырмыз. Жастардың саяси сауатын қалыптастыруды мақсат етеміз. Жастардың максималды түрде ашық диалогқа шыққанын, сөйлегенде статистикаға, заңға сүйеніп сөйлей алатындай сауатты болғанын қалаймын. Егер мұндай мүмкіндік ертеректе бізде болғанда азаматтық секторға әлдеқайда ертерек келген болар едім. Ертеректе Сорос-Қазақстан қоры жанынан Oper Budjet бағдарламасын оқыдым. Біздің жоба да шамамен соған ұқсас», — деп қайырды жергілікті атқарушы органы өкілі.

 

«Үкіметтік емес ұйым дегеніміз — үкіметке қарсы ұйым емес, сондай-ақ әлеуметтік жобалардың бизнес көзіне айналғаны да дұрыс емес»

Азаматтық секторда коммуникацияның маңызы зор екенін атап өткен ол бшл машықты волонтерлікпен айналысып жүргенде осы игергенін айттыы.

«Үкіметтік емес ұйым – үкіметке қарсы ұйым емес. Әр ұйымның өз стратегиясы болады. Белгілі бір мәселені шешу жолында бірігеді. Жергілікті атқарушы органмен бірлесіп, мәселе шешсе, несі айып? Дегенмен, қазір артында бір адамы жоқ, ешқандай ресурсы жоқ адам өзін директор деп жариялап алады да, ұйым ашады. Ол аз болса, ұйымның мақсаты деп түрлі бағыттағы жұмыстарды жазып қояды.  Тағы бір жайт, қазір кәсіпкерлік бойынша тренерлер гранттар туралы хабарландыру жасап жатады. «500 мың теңге ұтып алғың келсе, хабарлас» деген сарында жазбаларды байқаймын. Азаматтық сектор – бұл бизнес емес қой. Әлеуметтік жобаға бөлінетін қаржыны бизнестің ақшасы деп қарауға болмайды. Жүрген жерімде осыны айтып жүремін. Әлеуметтік жоба – бұл қаржы табу емес. Негізгі мақсаты – қаржыны игеріп, айналаңды жақсартуға ықпал ету. Қазір тек грант болғанда ғана жұмыс істейтін ұйымдар көбейді. Басқа кезде үні шықпайды», — деді Әйгерім Жәрдемқызы.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Ақтөбеде дау: қала маңындағы елу оқушы мектепке жете алмады

Ол ұрпақтар сабақтастығы жайында да ой қосты. Волонтерлікпен айналысып жүргенінде аға буын тарапынан ақыл айтып, бағыт-бағдар беріп отыратын аға-апайлар болған. Ұнаса арқасынан қағып, қате қимыл жасаса, жөнін айтып отыратын қамқоршыларды еске алды.

«Ұйымдар қалай жұмыс істейді дегенге келер болсақ, фандрайзинг жасауға болады. Мемлекеттің қаражаты ғана емес, өндіріс компаниялары да қолдайды. Әрине, бұл үшін репутацияң да болу керек, жұмыстарыңды сапалы жасасаң, донорлар өздері іздеп тауып алады. Нәтижеге жұмыс істеу керек. Қоғамға пайдам тисе деп әрекет ету керек»

Қазір бірқатар жастар ұйымдары ешқайда жалтақтамай, өзі жобалар жасап жатады. Түрлі алаңдарда іс-шаралар өткізеді. Оларға сәл мүмкіндік беру керек. Басқа ештеңе керек емес.

 

«150 жасты оқыттық. Бір бөлігі азаматтық секторға жаңа леп әкелуі мүмкін»

Маңғыстау облыстық Азаматтық альянсының президенті Жібек Ахметованың айтуынша, қоғамдық ұйым жұмысында қиындық та бар, қызығы да аз емес. Ең бастысы — қоғамға пайдасы мол.

Маңғыстау облыстық Азаматтық альянсының президенті Жібек Ахметованың айтуынша, қоғамдық ұйым жұмысының қиын да қызық жақтары, соның ішінде қоғамға пайдалы жағы көп. — Соңғы жылдары қоғамдық ұйым жұмыстарына барлық саладан қызығушылық туындап жатыр. Билік те санаса бастайды. Пікірімізді тыңдайды, арнайы шақыртады. Бизнес компаниялары да бірге жұмыс істеуге мүдделілік танытады.

«Соңғы әлі сиясы кеппеген жобамыз – “Жастар тағылымдамасы” деп аталады. Бұл жобаны «Камеда» қорымен бірлесіп жасадық. 150 жасты жұмылдырдық, оларды оқыттық, дағдыларға баулыдық. Жұмыс берушілермен жолықтырдық. Сырткөз Маңғыстауда жұмыссыздық жоқ деп ойлар. Олай емес. Жұмыссыз жастар бар, біз осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында аталған жоба аясында жастарды жұмыс берушілермен жолықтырдық. Тағылымдамадан өткен жастардың 70-80 пайызы тұрақты жұмысқа орналасып кетті. Әрі қарай сапалы өмір сүруге, тұрақты жұмыс табуға септігімізді тигіздік. Қаржылық тәуелсіздікке жетуіне атсалыстық», — деді Жібек Ахметова.

Жібек Ахметова 2009 жылдан бері ресурстық орталық қызметін де атқарып келеді. Бастапқыда қоғамдық ұйымдар санаулы болған. Ахметованың есебінше, қазір облыста 800-ге жуық ұйым тіркелген, оның 120-сы белсенді жұмыс істеп отыр. Азаматтық альянс соларға ресурстық қолдау көрсетіп келеді.

«Үш жыл бұрын коворкинг орталық аштық. Бұл жерде іс-шаралар өткізе алады, подкаст жазады, консультация алады. Интернет бар. Жалпы, қаржылай қолдау бар. Былтырдың өзінде 700 млн теңгенің гранты үлестірілді, 300 млн теңгеден астам мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс орналастырылды. Есептесек, 1 млрд-тан жоғары қаржы қарастырылған екен. Бір жағынан қоғамдық ұйымдардың белсенділігі деп те айтар едім. Мемлекеттік билік жұмысымызды көріп, бағалап, қолдау көрсетуге ниет танытып отыр», – дейді Жібек Ахметова.

“Азаматтық секторға билік тарапынан да, қоғам тарапынан да қызығушылық жоғары”

Маңғыстау өңірінің тағы бір ерекшелігі – азаматтық бастамаларға аудан әкімдіктері де грант бөледі. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы арқылы ҮЕҰ секторының жобаларын қолдайды. Жаңаөзен қалалық ішкі саясат бөлімі де таяуда конкурс жариялапты. Альянс өз тарапынан консультация беріп, бағыт-бағдар көрсетеді, тренингтер ұйымдастырады.

«“Жан-тәнімен қоғамды өзгертем” деп азаматтық секторға келген кез келген адамға жоба дайындаудың тетіктері түсінікті бола бермейді. Жоба ұсынудың қыр-сырын түсіндіру керек, техникалық талаптар, идеяны рәсімдеу, ұсыну секілді процестерге кәсіби көмек қажет. Азаматтық альянс осы жағынан таптырмас құрылым», – деді Альянс басшысы.

Жібек Ахметованың айтуынша, бүгінде азаматтық секторға келгісі келетіндер саны көбейіп жатыр.

«Теледидарға, көпшілік алдына шығамыз, эксперттік пікір білдіруге көп тартады, қоғамдық кеңес жұмыстарына жұмылдырады, қоғам тарапынан қолдау қажет болса, тартынып қалмаймыз. Белсенді араласып отырамыз. Сондай кезде әлеуметтік желі арқылы «қоғамдық ұйым ашсақ, жоба жасасақ» деген мазмұнда сұрақ көп түседі. «Ерекше балалардың ата-анасы ретінде жоба жасасақ» деген ұсыныстар болады», — деді ол.

Screenshot

Жастар тарапынан да сауал көп түседі екен.

«Бізді құттықтап қойсаңыз болады. Бір-екі күн бұрын біздің Азаматтық альянсты жаңа жобаның жеңімпазы ретінде таныды. Азаматтық альянс алдағы үш ай көлемінде жастардың лидерлік мектебі жобасын бастағалы отыр. Жобаның мақсаты – Ақтау, Бейнеу, Жаңаөзенде жастардың бастамасымен қоғамдық ұйымдар ашуға көмектесу. Маңғыстау облысында жастар белсенділігін дамытып, қоғамдық ұйымдар ашамыз. Ашып қана қоймай, әрі қарай сүйемелдеу, менторлық қолдау, тағы басқа жұмыстар жасаймыз, — дейді Жібек Ахметова. – Жастар тек қара басын ойлап қоймайды, қоғамға пайдалы дүние жасағысы келеді. Біздікі тек мүмкіндік беру ғой. Жеке тұлға ретінде дамып, ойларын жүзеге асырғысы келеді. Егер жастар алға суырылып шығып, міне осындай жасап жатырмын десе, өзгелерге үлгі болса, біз қолдап отырсақ, болды. Үш айда Бейнеу, Ақтау, Жаңаөзен жастарымен осы бағытта жұмыстанамыз», — деді Ахметова.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Асылхан Әбдіжалелов, сату бөлімінің басшысы: “Мен ешкімге сатпаймын, халыққа қызмет көрсетемін”

Маңғыстау облысының Азаматтық альянсы былтыр шілде айынан желтоқсанға дейін 150 жасты оқытты, жұмыспен қамтыды. Олардың арасынан да қоғамдық секторға қызығып жатқандар баршылық. Идеялары көп. Негізі, жастарға қатысты жаңа жобаны жазуға осы жастардың сұранысы түрткі болған екен. Қызығушылығын байқап, Альянс тарапынан жоба әзірленген, донорларға ұсынылған, қолдау тауып отыр.

«Азаматтық қоғамға жаңа толқын қосылуы қажет»

«Әрі-беріден соң азаматтық қоғамға жаңа толқын қосылуы керек» деген Жібек Ахметова жастарға үлкен үміт артып отырғанын жасырмайды.

«Маған жақында бір әріптесім «сіз барлығына қалай үлгересіз, қалай сіз сияқты жан-жақты, белсенді, сауатты бола аламын?!» деп сұрақ қойды. «Бір күн Алматыда, бір күн Атырауда жүресіз, үнемі оқуларға қатысасыз, осындай жүйені қалай жолға қоюға болады?» деп хабарласады. Меніңше, адам баласы нақты бір саланың маманы болу керек. Егер жұмысты беріліп жасасаңыз, сапалы орындасаңыз, міндетті түрде бағаланады. Ескерусіз қалмайды».

Жібек Ахметованың айтуынша, азаматтық альянстың бірнеше бағыты бар.

«Жан-жаққа шашырамаймыз. Стратегиялық мақсатқа сәйкес жұмыс істейміз. Өзімізді шыңдау мақсатында білімімізді де жетілдіріп отырамыз. Эксперттік қырымызды да дамытуды ұмытпаймыз. Өзімізді дамыту үшін көп ізденеміз. Біздің салада коммуникация өте маңызды. Жоба жасаймыз, жүзеге асырамыз. Донорлармен, серіктестермен байланысты үзбейміз. Жұмысымыз жайлы әлеуметтік желілер мен түрлі каналдар арқылы жариялап отырамыз. Зерттеулерге, сауалнамаларға қатысамыз. Әрдайым эксперттік пікірімізді білу мақсатында шақырып жатады. Өз жұмысымызды көбірек насихаттауға тырысамыз. Жұмыс жасап кеткен серіктестеріміздің де шақыртуларын қабыл алып жатамыз. Маңғыстау өңірінен көмек керек болса, міндетті түрде көмектесеміз. Қарым-қатынас үзбейміз».

Альянс басшысы ашықтық, жариялылық принциптерін де ұстану керек екенін айтты. Қандай жоба болмасын, кім қолдады, қай тараптың қаржыландыруымен жүзеге асырылды, барлығын ашық көрсетіп отыру маңызды. Мұның барлығы ұйымды серіктестер мен донорлар алдында бізді сенімді серіктес ретінде көрсетеді. Бенефициарлардың пікірін де сұрастырып отырған жөн.

 

«Жариялылық, ашықтық — басты принциптеріміз»

Азаматтық альянс басшысы өз тәжірибесінде халықаралық ұйымдармен қалай қарым-қатынас орната бастағанын айтып өтті.

«ҮЕҰ кірісі біржақты болмауы керек. Біз тек мемлекеттік органдармен шектелмейміз. Халықаралық қорлармен де байланыс орнату керек. 2011-2012 жылдары халықаралық ұйымдардың бірімен алғашқы жобамызды бастап кеттік. Көп тәжірибе жинақтадық. Қолдауы да қомақты болды. Инстуционалдық қабілеттерімізді дамытуға мүмкіндік берді. Құжаттарымызды халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге көмектесті. 2-3 жылдық жобалар аламыз. Дегенмен, мемлекеттік органдардан да қол үзбейміз. Жергілікті билікпен қарым-қатынас орнату маңызды», – дейді Жібек Ахметова.

Азаматтық альянс президенті өңірде өндіріс компанияларының азматтық секторды қолдауда шет қалмайтынын атап өтті. Мәселен, NCOC, ТШО компаниялары де әлеуметтік мәселелерді шешуге зор үлес қосып келеді.

«ҮЕҰ ашу оңай, оның жұмысын тоқтату қиын»

Ақтөбе облысы әкімінің азаматтық сектор жұмысын үйлестіру жөніндегі орынбасары Жолдас Батырханның айтуынша, азаматтық қоғамның дамуында үлкен серпіліс бар. Облыста тіркелген 800-ге тарта ҮЕҰ-ның 100 шақтысы белсенді жұмыс істеп келеді.

Жолдас Батырхан

«Әр аймақтың өзіндік ерекшелігі бар. Бір мемлекет ішінде өмір сүрсек те, өңірлік айырмашылықтар бар екенін мойындау керек», — деп, кемшін тұстары барын да жасырмайды.

Президент Тоқаевтың таяуда айтқан сөздерін мысалға алған ол азаматтық сектордың ұлттық құндылықтар айналасына шоғырлануы керек екенін меңзеді.

«Қазіргі таңда үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына еш кедергі көріп тұрғаным жоқ. Керісінше, соңғы жылдары жаңа ұйымдар ашыла бастады. Рас, бірін-бірі танымайтын құрылтайшылар да кезігеді. ҮЕҰ ашу оңай, оның жұмысын тоқтату қиын. Мұның барлығы жаңа ҮЕҰ туралы заңмен реттеледі деп ойлаймын», — деді облыс басшысының орынбасары.

Айтуынша, бүгінгі таңда Ақтөбе облысында азаматтық сектор мәселелерін талқылайтын ҮЕҰ кеңесі бар, оның құрамында 17 мүше бар.

Ақтөбе қаласы. Нұр Ғасыр мешіті

«ҮЕҰ тек мемлекеттің қаражатына өмір сүреді деген қате пікір бар» деген Жолдас Батырхан Ақтөбе облысындағы азаматтық сектордың 30-40 пайызы өз жұмыстарын тегін жүргізеді екен. Дегенмен, мемлекет тарапынан азаматтық қоғамды қолдауға бөлінетін қаражат көлемі еселеп артып жатыр.

«Менің талдауым бойынша 2021 жылы ҮЕҰ-дарға бөлінген қаржы 750 млн теңге болса, 2025 жылы бұл сома 2,3 млрд теңгеге жетті. Бұл саланың негізгі бағыттарына бөлініп отыратын өаржы көлемі үнемі өсіп отырады. Өңірлерді бір-бірімен салыстыру қаражат көлемімен салыстыру дұрыс емес. Азаматтық қоғам өзін-өзі қаржыландыру керек, немесе бұл қызметті тиімді түрде тегін жүзеге асыра алатындай болу керек шығар. Жүрек қалауымен жасалатын болса, бұл да бір біздің ерекшелігіміз. Бөлінген қаражат көлемі көршілес өңірлерден төмен емес дер едім», — деп қайырды Жолдас Батырхан.

Үш облысты салыстыра қарасақ, Ақтөбеде азаматтық қоғамның даму қарқыны баяу екені анық байқалады. Жаңа буынның жолын аша алмай отырған ресурстық орталықтар, тәжірибелі ҮЕҰ-лардың оқшау қалуы, ұрпақтар сабақтастығының үзілуі — бұл саладағы негізгі түйткілдер. Ал Атырау мен Маңғыстауда азаматтық қоғам мен жергілікті билік арасында тұрақты диалог орнаған, жаңа толқынды дайындаып жатыр, ресурстық қолдау мен менторлық жүйе жолға қойылған. Ақтөбе өңіріне де осы тәжірибені енгізіп, жаңа буынға мүмкіндік беретін ашық экожүйе қалыптастыру қажет. Өйткені азаматтық қоғамды дамыту — белсенділікке жол ашудан басталады.

мәтін: Асқар Ақтілеу, видео: Данияр Сағидолла (контенттің видео нұсқасы Tilshi Podcast YouTube-каналында жарияланады)

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *