«Қазхром» компаниясының туған қалаларында Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына орай жүрек тебірентерлік акция ұйымдастырылды. Оған кеншілер мен металлургтер, өндірістік әулеттердің өкілдері қатысты.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Ақтөбе ферроқорытпа зауытының орталық кіреберісінде ерекше естелік бұрышы – есімдер мен тілектер жазылған жапырақтар бекітілетін ескерткіш баннер орнатылды. «Тағзым мен тағылым бәйтерегі» акциясы ата-бабалар ерлігі туралы тірі естелікті сақтауға ұмтылған ұрпақтарды біріктірді.

Зауыт металлургтері бастамаға зор құрметпен қарады. Акцияның әрбір қатысушысы орасан зор күш-жігермен сыйға берілген бейбітшілік пен еркіндік үшін алғысын білдіріп, естелік баннерін әдемі тілектерімен толықтыра түсті.
– Біз елімізді қорғап, бізге болашақ сыйлағандарды құрметтейміз. Олардың ерлігі – тек тарихта ғана емес, жүрегімізде де сақтаулы, — деп атап өтті зауыттың жас қызметкері Дамир Карабеков.
Хромтауда акция «Калинушки» халық хорының өнерімен басталды. Акцияға басшылар, жастар, ардагерлер кеңесінің өкілдері және Дөң тау-кен комбинатының қызметкерлері қатысты. Бұл жақтағы «бәйтеректе» ардагер туыстарының есімдері жазылған сары жапырақтар көп болды. Бүгінгі таңда Хромтау қаласында соғыс ардагері – Василий Иванович Грецкий ғана қалды. Дөң тау- кен байыту комбинатының ұжымы жыл сайын өңірдегі жалғыз ардагердің үйіне барып тұрады.

– Мен өз батыр атамды көзіммен көрдім. Менің әкем жағынан атам – Митон Көрпеш, – дейді акцияға қатысушы, орталық жөндеу-механикалық шеберханасының басшысы Қанат Митонов. – Ол 1941-1945 жылдар аралығында соғысқа қатысқан. Атам 1994 жылы, мен 17 жаста болғанда қайтыс болды. Оның соғыста алған жарақаттары бар және ордендері де жоқ емес. Ол балаларына соғыс туралы көп айтпайтын. Менің әкем Бердіғали – атамның тұңғыш ұлы. Атам сабырлы, жақсы адам еді. Біздің бейбіт заманымыз үшін ата-бабамызға рақмет!
Ақсу ферроқорытпа зауытында таңертеңнен бастап өткізу пунктінің жанында қызметкерлерге естелік ленталар таратылып, әскери және патриоттық әндер шырқалды. Естелік жапырақтарын жабыстыруға тілек білдірушілер көп болды – қызметкерлер өз батырларының есімдерін жылулықпен және толқыныспен жазып, оқиғаларымен бөлісті.

Еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік бөлімінің еңбекті қорғау инженері Ольга Прохоренко:
– Өкінішке қарай мен атамды көрмедім. Ол 1943 жылы майданға аттанып, оған дейін әскери зауытта жұмыс істеген. 1944 жылы ол сержант шенінде қаза тапты. Мен оны танымасам да, біздің отбасымыз әрқашан оны еске алады. Әжем ол туралы айтып беретін. Менде оның портреті қалды, тіпті мұрағат деректерін табуға тырыстым. «Тағылым бәйтерегі» сияқты акциялар ең алдымен жас ұрпақ үшін қажет. Бұл балаларымыз бен немерелерімізге естеліктерімізді жеткізуге, олардың ата-бабаларының ерлігі туралы айтуға тамаша мүмкіндік. Кеше мен туыстарыма атамның портретін жібердім, олар оны қайта еске алсын деп. Біз ата-бабаларымызды мақтан тұтуымыз керек – олар Отан үшін шайқасып, ұрпақтарына бейбіт аспан үшін жандарын қиды, — деді Ольга Ивановна.
Бұл бастама – жай ғана өткенге тағзым емес, қазіргі уақыттағы патриотизмді, құрмет пен жауапкершілікті көрсетудің негізі екенін еске салады.
Арайлым Ғани