Форум Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы ақпараттық және медиа саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Қытайдан медиа мамандар, журналистер мен сарапшылар қатысып жатыр, деп хабарлайды TilshiNews.
Мұнда медиа саласындағы инновациялар, цифрлық платформалардың дамуы және ақпарат алмасу мәселелері талқылануда. Форум ақпараттық кеңістіктегі өзара іс-қимылды күшейтуге және аймақтық медиаөнімдерді бірлесіп жасауға серпін бермек. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев форум қатысушыларына құттықтау жолдап, іс-шараның аймақтық ынтымақтастықты дамытудағы маңызын атап өтті.
Форумда ақпараттық технологияларды, соның ішінде жасанды сананы медиада қолдану және креативті индустрияны дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Форумда бірқатар маңызды бастамалар көтерілді:
Бірлескен медиаөнімдер: Қазақстан Президенті бұған дейін аймақтық медиа кеңістігін біріктіру және бірлескен медиаөнімдер жасау туралы ұсыныс жасаған. Бұл бастама форумда қолдау тауып, Орталық Азия елдеріне ортақ телеарна мен өңірлік медиаплатформа құру жоспары талқыланды.
Тәжірибе алмасу: Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өңірлік форумдар, семинарлар, тренингтер және баспасөз турларын ұйымдастыру арқылы журналистердің біліктілігін арттыруды ұсынды. Қазақстан осындай іс-шараларға алаң ұсынуға дайын екенін мәлімдеді.
Халықаралық ынтымақтастық: Форумда Әзербайжан, Ресей, Ұлыбритания және Қатардан келген делегаттар да сөз сөйледі. Әзербайжандық сарапшы А.Исмаилов Орталық Азия елдерімен, әсіресе Қазақстан және Өзбекстанмен медиа саласындағы байланыстардың артып келе жатқанын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша ҚР Президенті телерадиокешені мен «Синьхуа» ақпарат агенттігі арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Құжатта жаңалық контентімен алмасу, бірлескен тренингтер мен семинарлар өткізу, мультимедиалық өзара іс-қимылдың жаңа форматтарын дамыту, сондай-ақ ақпаратты ұлттық және халықаралық деңгейде ілгерілету көзделген.