Home Әлеумет «Теңге тағы әлсіреді». Ұлттық Банк себептерін түсіндірді
Әлеумет

«Теңге тағы әлсіреді». Ұлттық Банк себептерін түсіндірді

Фото: Артем Чурсинов

Маусым айының қорытындысы бойынша теңге бағамы бір доллар үшін 519,73 теңгеге дейін 1,7 пайызға әлсіреді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір ай ішінде 238 млн АҚШ долларынан 235 млн АҚШ долларына дейін азайған. Жалпы сауда-саттық көлемі 4,7 млрд АҚШ долларына жетті. Өткен айда республикалық бюджетке трансферттер бөлуді қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан 800 млн АҚШ долларына валюта сатылды. Бұл сома жалпы сауда-саттық көлемінің 17 пайызына тең немесе күніне шамамен 40 млн АҚШ долларына жетті, — делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Үкіметтің шілде айына берген алдын ала өтінімдері бойынша Ұлттық Банк Ұлттық қордан 600-700 млн доллар көлемінде валюта сатады деп күтілуде.

Маусымда «айналау» операциясы шеңберінде 213 млрд теңге тартылды. Ал шілде айында осы мақсатта шамамен 290 млрд теңге баламасында валюта сату жоспарланып отыр.

Ұлттық қор қаражатымен жүргізілетін операциялар мен «айналау» тетігін іске асыру кезінде Ұлттық Банк нарықтық бейтараптық қағидатын ұстанады. Бұл шетел валютасын біркелкі әрі тұрақты сату тәртібімен жүргізуді көздейді.

Маусым айында Ұлттық Банк валюталық интервенциялар жүргізген жоқ. Ал квазимемлекеттік сектор субъектілері валюталық түсімнің бір бөлігін міндетті түрде сату талабы аясында шамамен 322 млн доллар сатқан.

Сонымен қатар, БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін кемінде 40 пайыз деңгейінде ұстап тұру мақсатында Ұлттық Банк маусымда биржада 188 млн доллар көлемінде шетел валютасын сатып алды. Бұл жалпы сауда-саттық көлемінің шамамен 4 пайызына тең.

Ұлттық Банк зейнетақы активтерін сенімгерлік басқарушы ретінде портфельді әртараптандыру және ұзақмерзімді нақты кірістілікке қол жеткізу мақсатында нарықтық жағдайға қарай шетел валютасын сатып алуды жалғастыратынын мәлімдеді. Шілде айында бұл көлем 100 млн долларынан аспайды деп болжанып отыр.

Валюта нарығындағы барлық операциялар туралы толық ақпарат Ұлттық Банктің транспаренттілік қағидаты аясында жарияланып отырады.

Қысқамерзімді перспективада теңге бағамының қозғалысы нарық қатысушыларының күтулеріне, салық кезеңдеріне, әлемдік нарықтағы жағдай мен геосаяси өзгерістерге байланысты болады. Ұлттық Банк теңгерімсіздіктің жинақталуына жол бермейтін, сондай-ақ алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстанатынын атап өтті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Exit mobile version