Алға ауданы Бестамақ ауылының әкімі Қанат Дәулеталин демалыста жүрген кезінде өзіне қол жұмсамақ болып, ауруханаға түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
47 жастағы Қанат Дәулеталиннің жағдайы қазір тұрақты деп мәлімдеді Алға аудандық ауруханасы дәрігерлері. Оқиға 7 шілде күні болған. Әкім ауруханаға жеткізіліп, жалпы палатаға орналастырылған. Дәрігерлер диагнозын және оқиғаның мән-жайын ашып айтпады.
Аудандық әкімдік өкілдері Қанат Дәулеталиннің 2016 жылдан бері туған ауылында әкім қызметін атқарып келе жатқанын хабарлады. Үш баласы бар, отбасылы. Демалысы 30 маусымнан 22 шілдеге дейін белгіленген.
Деректі облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен полиция департаменті растады. Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.