Isker Tilshi

Home Credit Bank-ты сатып алу туралы жаңалықтан кейін ForteBank акциялары қымбаттады

Фото: Банк баспасөз қызметінің мұрағатынан

ForteBank акциялары Home Credit Bank-ты сатып алу жөніндегі келісім туралы жарияланғаннан кейін KASE саудасында айтарлықтай қымбаттады, деп хабарлайды «Іскер Тілші» Forbes.kz сайтына сілтеп.

2025 жылдың 26 маусымында, мәміле жарияланардан бір күн бұрын ForteBank акцияларының құны шамамен 7,9 теңге болған еді. Екі аптадан кейін, 10 шілде түскі саудада бір акция бағасы 32,53 теңгеге дейін жетті. Осылайша, ForteBank акциялары екі аптада төрт есе өсті. Айта кетейік, 2025 жылғы 31 наурыздағы дерек бойынша, ForteBank акцияларының баланстық құны – 5,87 теңге.

2025 жылғы 1 сәуірдегі мәліметке сай, KASE-де айналымда шамамен 90,45 млрд қарапайым ForteBank акциясы бар. Саудадағы бағаның күрт өсуімен банк капитализациясы 26 маусымдағы 714,6 млрд теңгеден 2025 жылдың 10 шілдесінде түскі уақытта 2,9 трлн теңгеге дейін артты.

ForteBank 2025 жылғы 27 маусымда Home Credit Bank-тың 100% акциясын сатып алу туралы акционерлер арасында «принциптік келісімге қол жеткізілгенін» хабарлады. ForteBank басқарма төрағасы Талғат Қуанышев банк үшін нарықтағы үлесті арттыру өзекті екенін және бұл үшін капитал да, акционерлердің қолдауы да жеткілікті екенін айтты. Келісім аяқталғаннан кейін Home Credit Bank біраз уақыт дербес банк болып қала береді, екі банктің интеграциясы шамамен бір жылға созылмақ.

2025 жылғы 31 наурыздағы жағдай бойынша, ForteBank-тың негізгі бақылаушы акционері – Болат Өтемұратов (90,91% акцияға ие). Бизнесмен 2025 жылы Қазақстандағы ең бай 75 кәсіпкердің қатарына енген (№6, байлығы $3,7 млрд), сондай-ақ, 2024 жылғы ең ықпалды 50 адамның қатарында (№4).

Home Credit Bank-тың негізгі иелері Чехиядан келген акционерлер. Үлкен үлесі – 34,7% – кәсіпкер Иржи Шмейцке тиесілі, 10%-дан төмен үлестер PPF Financial Holdings a.s. және тағы алты жеке тұлғаға тиесілі.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Ербол Шыма, бизнес-тренер: “Кәсіп бастасаңыз, мемлекеттік бағдарламадан бас тартпаңыз”

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *