Home Aqtobe Day «Терек, қайың мен тал арқылы фиторемедиация». Ақтөбеде ауыр металдардан келетін зиянды азайтудың жолы қандай?
Aqtobe Day

«Терек, қайың мен тал арқылы фиторемедиация». Ақтөбеде ауыр металдардан келетін зиянды азайтудың жолы қандай?

Соңғы жылдары Ақтөбе қаласының топырақ, жерасты суы мен Елек өзенінен ауыр металдардың шектен тыс мөлшері анықталғаны жайлы мақалалар мен зерттеулер жарияланды. Өндіріс орындары орналасқан аймақта ауыр металдардың қоршаған ортаға әсерін азайтудың түрлі жолы бар. Ақтөбе үшін оның қайсысы оңтайлы?

Тұрғындардың қаупі

Ақтөбедегі хром қосындылары зауытының маңында тұратын Олеся Максумова Елек өзенінің суынан қауіптенеді. Тұрғын бұл сумен бау-бақша суғарады. Айтуынша, суды құйғанда шелектің түбінде тас сияқты қалдықтар қалады.

«Біз судың лас екенін баяғыдан білеміз. Балаларды өзенге жібермейміз, өзіміз де жақындамаймыз. Бірақ кейбіреулер балық аулап, оны тамаққа пайдаланады. Ал су бізге бәрібір жетеді — сол сумен бақша суарамыз. Бәрі кейін қызанақ пен қиярға сіңіп кетеді», дейді ол.

Олеся Максумова

Осыдан 5-6 жыл бұрын, тіпті 2022-2023 жылдары Ақтөбе облысындағы Елек өзенінде алтывалентті хромның шамадан тыс мөлшері анықталғаны жайлы жарияланымдар шығып жатты. 2023 жылы Ақтөбе облысы экология департаментінің жетекшісі Ербол Қуанов өз сұхбатында өнеркәсіп аумағында 12 шаршы шақырым аумақ ластанып, хром жерасты суы Елек өзеніне түсіп жатыр деген. Кей елдімекен аумағынан тіпті алтывалентті хромның шамадан тыс мөлшері барын айтқан. Ластанудың көзі – Ақтөбедегі хром қосындылары зауыты делінген.

Алтывалентті хром ауа, топырақ, су көздері мен жерасты суларына тараған жағдайда денсаулыққа едәуір зиян келтіреді. Себебі су мен топырақ арқылы ішетін су мен тамаққа, одан адамға таралады.

«Елек өзені жерасты сулары арқылы алтываленті хроммен ласталып жатыр, оның мөлшері жоғары» деген жарияланымдар бұрынырақ та шыққан. 2019 жылы шыққан жарияланымға қарағанда, «Қазгидромет» өзеннен алған сынамадан алтывалентті хромның шамадан тыс мөлшері он есе артық екенін анықтаған.

Ал Казгидромет 2023 жылы шыққан елдегі қоршаған ортаның ахуалы жайлы есепте Елек өзенінің алтывалентті хроммен ластануы тарихи жайт, ол 1957 жылы Ақтөбе хром қосындылары зауытының іске қосуымен байланысты деген.

Алтывалентті хром дегеніміз не?

Алтывалентті хром (Cr(VI)) – әлемдегі ең улы ластаушылардың бірі. Ол бояғыштар мен пигменттер өндірісінде, гальваникада (металға антикоррозиялық жабындар салу), тері өңдеу өнеркәсібінде, химиялық өндіріс пен металлургияда кеңінен қолданылады. Адамға әсер ету жолдары әртүрлі: ластанған су арқылы (ішетін, жерүсті, жерасты сулары), ауа арқылы (өндіріс орындары мен шлам жинақтағыштардың маңында), тері арқылы (ластанған су немесе топырақпен жанасқанда) әсер етеді.

Ал оның зардабы мен салдары ауыр. Медициналық тұрғыдан алсақ, созылмалы дерматит, экземаға әкеліп соғуы мүмкін. Сонымен қатар, тыныс алу жолдарының тітіркенуі, бронхит, астма, мұрын-жұтқыншақ пен өкпе обыры, бауыр мен бүйрек зақымдануы секілді ауруларға әкелуі мүмкін.

Кейбір елдерде Cr(VI) қолдануға тыйым салынған немесе қатаң реттелген.

1957 жылы Ақтөбеде Ақтөбе хром қосындылары зауыты (АХҚЗ) іске қосылды, сол кездегі технологиялар қауіпті қалдықтарды тиімді жоюды қарастырмаған еді. Осы себепті Елек өзенінің алтывалентті хроммен ластануы тарихи жайт делінеді. Ластану жағына келер болса, оның механизмі келесідей: Cr(VI) бар шлам қорғалмаған жинақтағыштарда сақталады, жаңбыр мен қар еріген кезде Cr(VI) топыраққа сіңеді, ластанған жер асты сулары Елек өзеніне түседі.

Ресми органдар мен белсенділер не дейді?

Ақтөбе облысы экология департаменті мен экология министрлігі біз жіберген ресми сауалға жауапта Елек өзеніндегі алты валентті хром концентарциясының шекті рұқсат етілген деңгейден асып кету фактілері 2023 жылдан бері тіркелмеген дейді. Су сапасына бақылау жұмыстарын «Қазгидромет» мекемесі жүргізіп отырады. Дегенмен экология департаменті 2022 жылдың 2-тоқсанында зауытқа тексеріс жүргізіп,  №2, 4, 7 шлам жинағыштардың аймағында алтывалентті хроммен жергілікті ластануды анықтаған. Бұл мәліметті экология министрлігі де растады, ведомство мәліметінше, зауытқа экологиялық нормаларды бұзғаны үшін 5,4 миллион теңге айыппұл салынды.

Тарихи ластанумен күресу үшін зауыт 2023-2032 жылдарға арналған табиғат қорғау жоспары аясында оқшаулау станциясын іске қосқан. Бұл шара тарихи ластануды жою және жер асты суларын тазарту мақсатында жылына 220 мың текше метр су өндіруді қамтиды.

Экология министрлігі өз жауабында жерасты суларының алтывалентті хроммен ластанғанын, оның ауданы 14,7 км екенін айтады.  Жерасты сулары бойынша мониторингті бұрын жыл сайын 67 байқау ұңғымасы бойынша «Запказнедра» РММ жүргізген. Ведомство 2019 жылдан бастап бұл мониторинг қаржыландырудың болмауына байланысты жүргізілген жоқ дейді.

«Ластану көзі АХҚЗ екенін ескере отырып, қосымша ластануды болдырмау мақсатында АХҚЗ жыл сайын табиғатты қорғау іс-шараларының жоспарын орындау шеңберінде алты валентті хроммен ластанған жерасты суын өндіру бойынша оқшаулау станциясында жұмыстар орындайды. Осы уақытқа дейін мәселе өз шешімін таппағандықтан, Ақтөбе облысы әкімдігі Елек өзенінің жерасты суларының алты валентті хроммен ластану ошағының қазіргі жай-күйін зерделеді. Жұмыстар гидрогеологиялық зерттеулер жүргізуден тұрды, оның нәтижелері бойынша алты валентті хроммен ластанудың жалпы ауданы нақтыланды, ол 14,7 км2 құрады», дейді экология министрлігі.

Ведомство осы мәселені шешу үшін Ақтөбе облысы әкімдігі, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар, Су ресурстары және ирригация, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктерінің, сондай-ақ АХҚЗ және «Қазхром» ТҰК» АҚ өкілдерінен тұратын жұмыс тобы құрылғанын хабарлады.

Бұдан басқа, 2023 жылы министрлік Орталық Азия үшін БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының (ЮНЕП) Субаймақтық кеңсесінің басшысына алты валентті хроммен ластануды жою мәселесін шешуге сараптамалық қолдау көрсетуге және осы жұмысқа халықаралық сарапшыларды тартуға қатысты хат жолдады. «Алдын ала келіссөздердің қорытындысы бойынша ЮНЕП көрсетілген мәселені шешуге сарапшыларды тартуда қолдау білдірді», делінген министрліктің жауабында.

«Байтақ» жасылдар партиясы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Ерәділ Уббиниязовтың айтуынша, белсенділер Елек өзенінің ауыр металдармен ластануын анықтау үшін бірнеше рет тәуелсіз комиссия құру туралы ұсыныс білдірген. Бірақ әзірге тек ресми хаттар мен жауаптар ғана келіп отыр.

“Електің бойында мыңдаған балықтың, тасбақаның өлгенін анықтап, видеоға түсірдік, айғақтарымыз бар. Бірақ тиісті органдарға жазсақ, барлығы жақсы деп жауап береді. Біз өз қаражатымызға жеке зертханаға жүгіндік. Олар бас тартты. Балық тектен тек өлмейді. Органдар су таза деп берді. Бірақ алтывалентті хромның әсері болмауы мүмкін емес. Баяғы Алға химия зауытының да әсері бар”, —  дейді Ерәділ Уббиниязов.

Ерәділ Уббиниязов

Ақтөбе облыстық экология департаменті зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің басшысы Нұрбиға Айтжанованың айтуынша, Елек өзенінде алтывалентті хроммен ластану баяғыдан келе жатқан мәселе.

“Кеңес одағы кезінде шламды дұрыс жерге сақтамаған. Хром қалдықтары суға өтіп кеткен. Ол бойынша қазіргі таңда Ақтөбе зауыты көп жұмыс істеп жатыр. Олар су көздерін өндіріске тартады. Тазалап, өндіріске пайдаланады. Өзенге аз кетсін дейді. Қолынан келіп жатқаны сол. Қазіргі заманда АЗХС ластап жатыр деп айта алмаймын. Жоқ деп те айта алмаймын. Бұрынғы тоғандар қайда қалғаны белгісіз. АЗХС қайта жөндеді. Елек өзенінен сынама алады. Алтывалентті хромға қатысты сынама алады. Былтыр, алдыңғыға қарағанда, биыл 2025 жылы алты айда жоғарғы ластану тіркелмеді. ”, — дейді ол.

Нұрбиға Айтжанова

Нұрбиға Айтжанова бұл мәселені зерттеуді ғалымдар еншісіне қалдыру керектігін айтады.

Ақтөбе хром қосындалары зауытының өкілі бізбен сөйлесуден бас тартты. Біз бірнеше рет ресми сауал жолдадық, қабылдау бөлмесіне қоңырау шалдық, тіпті зауытқа барып көрдік — бірақ ақпарат ала алмадық.

Зауыт дәлізінде ілінген ақпараттық стендте барлық көрсеткіштер жақсы делінген. Экологияны жақсарту бойынша шаралар қабылдануда делінген. Сондай-ақ, 2019 жылы шыққан жергілікті үкіметшіл газеттегі мақалада да зауыт жұмысы мақталған. Бірақ бұл есеп 6 жыл бұрын жарияланған.

Зерттеулер не дейді?

Халықаралық зерттеулер су көзіне түскен алтывалентті хром онда бірнеше жылдан ондаған жылдарға дейін сақталатынын көрсетті. 2019 жылы ғалымдар Чао-Хэн Цзен, И-Сюань Ли және И-Сюань Тайваньдағы У өзеніне динамика жүйесін қолданып, алтывалентті хром су, тұнба мен жағалаудағы топырақ қабатында 2018 жылдан 2048 жылға дейін сақталады деген қорытындыға келді. Яғни қалпына келтіретін агенттер (органика мен суьфиттер аз болса) жеткіліксіз болса, алтывалентті хром суда ондаған жыл бойы сақталуы мүмкін.

Үш жыл бұрын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары жариялаған мақалаға қарағанда, ауыр  мeталдар физикaлық-химиялық  нeмеcе  биoлогиялық  дeградацияға  ұшырaмай,  тoпыpақтың бeткі қaбатында жинaлып, oлардың қaсиеттерін өзгертeдi.  Ол  өсімдіктeрдің  тaмырында  ұзaқ уaқыт  cіңіріліп, адам мен жануарлар әлеміне тарайды. Қазақ Ұлттық университетінің ғалымдары М.Даулетбаева, А.Таныбаева, Л.Исмагулова, Г.Мұқанова,  мен А. Рысмагамбетова  Ақтөбедегі өсімдіктер құрамындағы хромды анықтау үшін зауыттардың маңындағы топыраққа мониторинг жасады. Зерттеу топырақ қабатында хромның шекті концентрациядан артқанын көрсетті  Зерттелген аумақтың 0-20 см топырақ қабатында 17-ге дейін хром концентрациясы анықталды, бұл орташа қауіпті деңгей.

«Ақтөбe  облысы  тoпыpағының  aуыр  металдаpмен лaстану жaғдайы 2021 жылғы мaусым-тaмыз  aйларында  Ақтөбe  қaласында  зауыт маңын да іpіктеп алынған топырақ сынамаларын-да хpом мөлшері тoпырақтың 0-20 см қaбатында 101,9 мг/кг, ал 20-40 см тереңдікте 55,06 мг/кг шамасында жинақталған. Тaлдау нәтижелeрінің көрсeткіштері  бoйынша  өнеркәсіп  маңындағы топырақтағы  хpомның  шeкті  жoл  берілетін кон   центрациялары  артық  мөлшерде  жинақталғаны  байқалады. Сондай-ақ  өнеркәсіп  территориясының  тoпырағының  жоғарғы  20  см-ге дейінгі  қaбатында  өте  көп  мөлшерде,  40  см-ге дейінгі  қабатында  да  мол  аккумуляцияланған», дейді зерттеушілер өз мақалсында,

Ғалымдардың жазуынша, адам мен жануарлардың ауыр металдармен соның ішінде хроммен ластануының негізгі көзі − өсімдіктер.  Көптеген  деректерге сәйкес, ауыр металдардың 40-80 пайызы ағзаға тамақпен, ал 20-40 пайызы ауамен және сумен бірге түседі. Сондықтан халықтың денсаулығы топырақ пен су көздерінде ауыр металдардың жиналу деңгейіне тікелей байланысты.

Не істеуге болады? Ғалымдар қандай шешім ұсынады?

Халықаралық тәжірибеде ең алдымен алтывалентті хромның шығу көзі болуы мүмкін зауыттың қалдықтарды азайту, ауыр металдар таралған жер бедері мен су көздерінің жанына жасыл желек отырғызу шешімдері ұсынылады.

Көптеген елдерде алтывалентті хром мәселесі қатаң экологиялық реттеу және өнеркәсіптік шығарындыларды бақылау арқылы шешіледі. Кәсіпорындар ағын суларды алтывалентті хромды улы емес үшвалентті хромға дейін химиялық жолмен қалпына келтіру, сондай-ақ активтендірілген көмір арқылы сүзу сияқты технологиялармен тазартуға міндетті.

Қытай, Үндістан және Бразилия сияқты елдерде өнеркәсіптік аймақтар маңындағы ластанған жерлер мен су көздерін қалпына келтіруге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Кейбір мемлекеттер алтывалентті хром бар қалдықтарды қауіпсіз көмуге арналған арнайы полигондар салады.

Сондай-ақ металлургия мен былғары өндірісінде Cr(VI) қосылыстарын қауіпсіз заттармен алмастыру бойынша ғылыми зерттеулер жүргізілуде. Халықаралық ұйымдар мен экологиялық қорлар бұл мәселені шешуде дамушы елдерге техникалық және қаржылық қолдау көрсетеді.

Шетелдік тәжірибе алтывалентті хром таралған аумақта терек ағаштарын отырғызу ауыр металдар зардабын жоятынын көрсетті. Екі жыл бұрын венгриялық ғалымдар өз зерттеуінде терек ағашының тамырлары ауыр металдарды сіңіріп, ол тараған аумақты зарарсыздандыра алатынын көрсетті.  Неміс ғалымдары Ватсон, Макгрегор мен Пулфорд қайың мен тал ағаштары алтывалентті хромды топырақ пен жер асты суларынан сіңіре алатынын дәлелдеді.

Чехияның Градец-Кралов қаласында зауыттың жанында отырғызылған терек пен ақ тал (ива) хромды толық тамырына сіңірмесе де, қоршаған ортаға таралмауына септігін тигізген.

Ал Сербияның Калубара тау-кен бассейнінде ауыр металдар зардабын азайту үшін 2022 жылы ақ тал мен талдың өзге түрлері отырғызылды (ива). Мұндай ағаштар тез өседі, 6-12 айдан кейін топырақ сынамасын алған. Зерттеу ағаштар бір маусым ішінде топырақ қабатындағы хромды сіңіргенін анықтады. Бұл ретте алтывалентті хром түк қалмай жоқ болып кетпейді, жасыл желек тамырында қалады, бірақ жерасты суы мен топыраққа таралмайды. Яғни терек, ақ қайың мен ақ талды отырғызу экологияға келетін зиянды айтарлықтай шеше алады. Бұл әдіс фоторемедиация деп аталады.  Терек, ақ қайың тәрізді ағаштар Ақтөбедегі қатаң климатқа төзімді, тез өседі. Бұл әдіс арзан және үлкен аумаққа қолданыла алады.

Биология ғылымдарының кандидаты, доцент Батыргелді Шымшықовтың хабарлауынша, зауыт қазіргі кездегі қалдықтарды азайтатын технология енгізуі керек. Бұл технологияларды қоршаған ортаға тасталатын қалдықтарды төмендетуге бағыттау керек.

“Ал енді ластанып кеткен жерлерге рекультивациялық шаралар қолданады. Ол үшін қаншалықты қалдық тасталатынын анықтау керек. Өте лас болса, ластанған қабаттарды алып көму керек шығар. Қалдықтар шектік мөлшерден жоғары болмаған жерлерге ауыл металдарға төзімді өсімдіктер егеді, ол өсімдік зиянды затты өз бойына жинақтайды, сосын оны жинап алып, көму керек. Бейтараптау керек. Оны бейтараптайтын әрбір қосындыға реактивтері болу керек”, — дейді Шымшықов.

Батыргелді Шымшықов

Елек өзеніндегі жағдай — жай экология мәселесі емес. Бұл — адам өмірі мен денсаулығына қатысты мәселе. Табиғат — мәңгілік емес. Әр төгінді, әр қателік — болашақ ұрпаққа жасалған зиян. Бұл мәселені шешу үшін барлық тарап – халық, сарапшылар, бизнес және мемлекет – бірігіп жұмыс істеуі керек.

Нұрмұхан Қонысбаев, Ақтөбе облысы

Дисклеймер

Бұл материал шешім журналистикасы жанрында Solutions Journalism Lab II жобасы аясында дайындалған және автордың жеке көзқарасын білдіреді

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Exit mobile version