Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов 16 миллион қазақстандықтың жеке деректерінің таралуына қатысты тергеудің алдын ала нәтижелерімен бөлісті, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Үкімет басшысы деректердің тарағанын растады және бұл бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Қазір бұл іске қатысты тексеру жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс қозғалды. Айта кетейін, тараған деректер – 2022 жылға тиесілі. Яғни, сол кезеңдегі ақпарат. Мұндай жағдайдың орын алуы, әрине, үкімет үшін де, басқа органдар үшін де жақсы емес», – деді ол.
Оның айтуынша, деректердің таралуына медициналық ұйымдар себеп болуы мүмкін.
«Тексеру жүргізіп жатқан органдардың алдын ала қорытындысына сүйенсек, деректердің таралуы, ең алдымен, медициналық ұйымдардан шыққан. Олар мемлекеттік дерекқорларға кіре алады, бірақ деректердің қауіпсіздігін толық қамтамасыз етпеген. Бұл үшін жауапкершілік қарастырылған. Біз қауіптің күшеюіне байланысты заңнамалық және жедел шаралар қабылдаймыз», – деді премьер-министр.
Журналистер Бектеновтен бұл оқиғаға қатысты қандай да бір адамдардың жауапкершілікке тартылған-тартылмағанын да сұрады.
«Дәл осы оқиға бойынша әзірге ешкім жауапқа тартылған жоқ. Тергеу нәтижесі әлі жарияланған жоқ. Бірақ құқық қорғау органдары істің анық-қанығына жетеді және кінәлі адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады деп сенемін», – деді Олжас Бектенов.
Еске салсақ, маусым айында Telegram арналарының бірінде 16,3 миллион азаматтың мәліметтері таралды. Онда адамдардың аты-жөні, ЖСН, мекенжайы, телефон нөмірі, туған күні, азаматтығы және ұлты жазылған.