Isker Tilshi

Болат Өтемұратов ForteBank-тегі үлесін арттырды

Фото: bulatutemuratov.kz

Ол банк акцияларын сатып алуға 10,9 млрд теңге жұмсаған.

ForteBank-тің негізгі акционері Болат Өтемұратов банктегі өз үлесін 90,92%-ға дейін арттырды. Бұл туралы «Іскер Тілші» Kapital.kz сайтына сілтеме жасап хабарлады.

Осылайша, бизнесменнің банк капиталындағы үлесі 1,91%-ға өсті. Бұған дейін, 1 сәуірде оған ForteBank-тің қарапайым акцияларының 89,01%-ы тиесілі болатын. Қазір оның иелігінде банктің 91,1% жай акциясы бар.

Сәуір айының ортасында Forte акционерлеріне қарапайым акцияларды басымдықпен сатып алу құқығын ұсынған болатын. Бір акцияның құны сол кезде 6,16 теңге болып, акционерлер сатып алуды 2025 жылдың 17 мамырына дейін жүзеге асыруы тиіс еді. Қазақстан қор биржасының (KASE) мәліметінше, Булат Өтемұратов сәуір-мамыр айларында 1,7 млрд-тан астам қарапайым акцияны сатып алған. Осылайша, ол бұл акцияларды 10 млрд 917 млн теңгеге алған. Егер ол дәл осы акцияларды қазіргі нарықтағы бағамен сатып алса, мәміле сомасы үш есе қымбат – шамамен 43 млрд теңгеге жетер еді.

Еске сала кетейік, ForteBank 2025 жылғы 27 маусымда Home Credit Bank (Қазақстан) банкін толық сатып алатынын жариялағаннан кейін, Forte акцияларының бағасы 7,66 теңгеден 24,76 теңгеге дейін күрт өсті.

Home Credit Bank-ті сатып алу бойынша келіссөздер үш айға жуық жүргізілген. ForteBank басшылығы бұл мәміленің ұзақ мерзімді даму стратегиясының бір бөлігі екенін айтты. Банк Home Credit-тің тәжірибесі мен технологиясын өз платформасына енгізе отырып, нарықтағы үлесін кеңейтуді көздеп отыр.

«Әзірге Home Credit Bank жеке еншілес банк ретінде жұмысын жалғастырады. Болашақта оны Forte платформасына біртіндеп енгізу жоспарланған. Бұл интеграция шамамен бір жыл уақыт алады», – деп хабарлады банктің баспасөз қызметі Kapital.kz тілшісіне берген жауабында. Келісім қаржы реттеушісі мен монополияға қарсы орган мақұлдағаннан кейін, 3-4 ай ішінде аяқталады деп күтілуде.

Home Credit Bank басшысы Кирил Бачваров бұл келісім екі банк үшін де өте тиімді екенін атап өтті:

«Қазақстанда біз үшін ForteBank-тен қолайлы серіктес жоқ. Біздің бизнес-модельдеріміз бір-бірін толықтырады. Forte корпоративтік клиенттерге, премиум сегментке және кепілмен несие беру нарығына мықты болса, біз тұтынушылық несиелер мен кредиттік карталар сегментінде табысты жұмыс істейміз. Бұл мәміле екі банкке де үлкен синергетикалық әсер береді деп сенеміз», – деді ол.

Булат Өтемұратов бұған дейін, 2024 жылдың қарашасында да ForteBank-тегі өз үлесін 81,66%-дан 89,01%-ға дейін арттырған болатын. Сол жылы оның ұлы Алидар Өтемұратовқа банк акцияларының 7,34%-ы тиесілі еді.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Әлемде трендке айналған бизнес саяхаттар туралы ақтөбелік кәсіпкерлер не айтады

Айта кетейік, 2024 жылдың қыркүйегінде Болат Өтемұратов «31 арна» медиахолдингінің меншік иесі болуын тоқтатты. Арнаның құрылтайшысы ретінде «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры тіркелді. Бұған дейін «31 арна» Болат Өтемұратовтың бақылауындағы «Верный Капитал» компаниялар тобына қараған болатын.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *