«Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілері Алматыда қалады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Бағанашыл” балалар үйінің Алматыдан Қонаевқа көшірілуіне қатысты жағдайға тікелей араласты, деп хабарлайды «Тілші» Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың айтуынша, Президенттің тапсырмасымен балаларды күштеп көшірмейтін болды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Бағанашыл” балалар үйінің тәрбиеленушілерін Алматыдан Қонаевқа көшіру туралы мәселені зерттеп, қала әкімі Дархан Сатыбалдыға балалар үйін күрделі жөндеуден өткізіп, тәрбиеленушілердің оқуды Алматыда жалғастыруына жағдай жасауды тапсырды. Сондай-ақ, бұл нысанды қаланың меншігіне қабылдауды жүктеді», – деп жазды Желдібай.
Осы жағдайға байланысты Президент әкімшілігінің қатысуымен қызметтік тергеу басталды.
«Балалар үйінің тәрбиеленушілерінің заңмен кепілдендірілген барлық құқықтары толық сақталады», – деді Президенттің баспасөз хатшысы.
Еске салсақ, Алматыдағы «Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілерін 21 шілдеде Қонаевқа көшіру кезінде балалар жылап, тіпті кейбіреуі есінен танып қалған, оқиға орнына полиция мен жедел жәрдем шақырылған.
Бұған дейін Алматы қаласының әкімдігі балалар үйінің ғимараты апатты деп танылған соң тәрбиеленушілерді Қонаевқа көшіру туралы шешім қабылданғанын айтқан.