Қандыағаштың қақ ортасындағы көпқабатты үйдің маңдайшасында орналасқан LED-экраннан шілденің ыстығында да Жаңа жылмен құттықтау тоқтар емес. Қала тұрғындары мұны әлеуметтік желіге жариялап, «шілде келсе де, әкімдік әлі 2024 жылмен қоштаспапты» деп әзіл-шыны аралас пікір қалдырып жатыр. Бұл туралы «Тілші» хабарлайды Tengrinews.kz-ке сілтеп.
«Күнде осы жерден өтемін, шілденің аяғы таяп қалды, бірақ экранда әлі де ‘Жаңа жылыңызбен!’ деп құттықтап тұр. Қарап тұрып күлесің бе, жылайсың ба білмейсің. Бұны түзету осыншама қиын ба?» — дейді ашынған қала тұрғыны.
Мұғалжар ауданы әкімдігі бұл жайттан хабардар екенін, мәселені шешуге кіріскенін мәлімдеді. Әкімдіктегілердің айтуынша, бәріне бағдарламалық ақау себеп болған.
«Экран Қандыағаш қаласының әкімдігінің балансында. Бұрын орнатылған құрылғының бағдарламалық жасақтамасында ақау анықталды. Қазір ақауды жою үшін жұмыстар жүргізілуде. Айта кету керек, экранды күтіп-ұстауға ешқандай қаражат бөлінбейді», — деді жергілікті әкімдік өкілдері.