АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында Tesla компаниясының негізін қалаушы Илон Маск ерекше жобасын жүзеге асырды. Tesla Diner атты алғашқы футуристік дәмхана есігін ашты, деп хабарлайды «Іскер Тілші» Курсивке сілтеме жасап.
Tesla Diner — тек кәдімгі дәмхана емес. Ол 1950 жылдар стиліндегі футуристік интерьерде безендірілген. Optimus атты гуманоид робот попкорн таратады. Тағамдар мини-кибертрактарда ұсынылады, ал мейрамхана тұрағында Tesla Supercharger V4 қуаттау станциялары бар.
Ең басты ерекшелігі – ғимараттың айналасына орнатылған екі үлкен LED экран, олар автокинотеатр қызметін атқарады.
Илон Масктың айтуынша, Tesla автокөліктерінің аудиожүйесімен киноның дыбысы синхрондалып, жүргізушілер мен жолаушылар көліктен шықпай-ақ кино тамашалай алады. Сонымен қатар, Tesla көлігінің дисплейі арқылы тамаққа тапсырыс беріп, оны тікелей көлікке дейін жеткізуге болады.
Қазіргі таңда бұл пилоттық жоба. Егер сұраныс жоғары болса, Маск өзге ірі қалаларда және Supercharger станциялары бар жерлерде осындай дәмханалар желісін ашуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Starbase ғарыш айлағында да қоғамдық дәмхана ашу жоспары бар.