Home Әлеумет Қазақстанда дәрігерлерге қол көтергендерге жаза күшейтіледі
Әлеумет

Қазақстанда дәрігерлерге қол көтергендерге жаза күшейтіледі

Фото: freepik.com

Қазақстанда медицина қызметкерлеріне жасалған шабуыл үшін қатаң жаза енгізілмек. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында жаңа заң жобасы туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Tilshinews.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеп.

Министрдің айтуынша, ел Президентінің тапсырмасымен дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандар үшін Қылмыстық кодекске арнайы жаңа бап енгізіледі.

«Қазір тиісті нормаларды әзірлеп қойдық. Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінен алдын ала оң қорытынды алдық. Ұсынылып отырған өзгерістер аясында Қылмыстық кодекстің 158-1 бабын енгізу жоспарланған. Бұл бап медицина қызметкерінің өміріне немесе денсаулығына қауіп төндіру, күш қолдану әрекеттері үшін жауапкершілікті көздейді», – деді министр Ақмарал Әлназарова.

Жаңа бап бойынша төмендегідей жаза түрлері қарастырылмақ:

  • Медицина қызметкеріне қауіп төндіргені үшін – 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу;
  • Күш қолданғаны үшін – 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру;
  • Төтенше жағдай кезінде жасалған шабуыл үшін – 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру;
  • Топ болып медицина қызметкерлеріне шабуыл жасаған жағдайда – 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру.

Министр жаңа заң жобасы дәрігерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.

«Бұл шаралар медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аса қажет. Қыркүйек айында заң жобасы Парламентке ұсынылады», – деді министр.

Сонымен қатар министр журналистердің сұрағына жауап беріп, өзінің де еңбек жолын медбике, одан кейін қабылдау бөлімінің дәрігері болып бастағанын айтты.

«Мен медицина саласындағы еңбек жолымды 30 жыл бұрын медбике және қабылдау бөлімінің дәрігері ретінде бастадым. Ол уақытта мұндай шабуылдар тіркелмейтін. Ал қазір медицина қызметкерлеріне шабуылдар ай сайын тіркеліп отыр. Бұл жағдайдың тым күрделеніп кеткенін көрсетеді», – деді Ақмарал Әлназарова.

Үкімет отырысында сөз сөйлеген премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев та медицина қызметкерлеріне шабуыл жасау оқиғалары соңғы он жылда өршіп кеткенін айтты.

«Бұрын жедел жәрдем көлігінің жолын кесіп, бөгет жасайтын жағдайлар жиі кездесетін. Қазір жағдай тіпті ушықты. Кейбір азаматтар енді дәрігерлерге қол көтеруге көшті. Мұндай адамдар өздерін үнемі ақпыз деп санайды», – деді вице-премьер.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Exit mobile version