Home Әлеумет Қазақстанда екі қылмыстық топ сексуалдық құлдықтың арқасында 1,7 млрд теңге табыс тапқан
Әлеумет

Қазақстанда екі қылмыстық топ сексуалдық құлдықтың арқасында 1,7 млрд теңге табыс тапқан

Фото: Polisia.kz

Ішкі істер министрлігі ел аумағындағы ұйымдасқан қылмыстық топтардың ауқымды қызметін әшкереледі, деп хабарлайды «Тілші» Polisia.kz сайтына сілтеп.

ІІМ-нің мәліметінше, Астана мен Солтүстік Қазақстан облысының ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімшелері мен прокуратура органдары бірлесіп өткізген жедел-іздестіру шаралары барысында ел аумағында адам саудасына қатысы бар екі ірі топтың жолы кесілді.

Тергеу деректеріне қарағанда, күдіктілер интернет-ресурстарды жүйелі пайдаланып, жыныстық қанауға байланысты заңсыз қызметтерді ашық жарнамалап, миллиондаған табыс тапқан. Қылмыстық топтардың күнделікті айналымы 1,5 миллион теңгеге дейін жетіп, жыл басынан бері жалпы табысы 1,7 миллиард теңгеден асып кеткен.

Тінту кезінде қылмыстық топтың қолындағы ақша, банк карталары, автокөліктер, компьютерлер, ұялы телефондар мен басқа да цифрлық ақпарат тасымалдағыштары тәркіленді. Ұйымдастырушылар мен олардың сыбайластарына қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің «Адам саудасы» және «Ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған қатысу» баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Заңға сәйкес, кінәлілерге 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылған.

ІІМ өзге де мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, заңсыз қызмет үшін пайдаланылатын интернет-ресурстарды анықтау және бұғаттау жұмыстарын белсенді жалғастыруда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Exit mobile version