АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейге Украинадағы соғысты тоқтату туралы қойған талабын орындау мерзімін 50 күннен 10-12 күнге қысқартты. Ол бұл туралы Шотландияда Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармермен өткен бірлескен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды «Тілші» bbc.com сайтына сілтеме жасап.
«Президент Владимир Путиннен қатты көңілім қалды. Бұдан былай келіссөздер жүргізуге мүдделі емеспін», – деді Дональд Трамп.
АҚШ президентінің айтуынша, ол бұған дейін Путинмен бірнеше мәрте сөйлескен, алайда Ресей соған қарамастан Украинаны атқылауды жалғастырып отыр.
Бұған дейін Дональд Трамп Путинге соғысты тоқтату туралы талап қойып, мәселені шешуге 50 күн уақыт берген болатын. Осы мерзім ішінде нәтиже болмаса, Ресейдің негізгі сауда серіктестеріне қарсы «аса қатаң тарифтер» енгізетінін ескерткен еді.
Қазір АҚШ президенті бұл мерзімнің тым ұзақ екенін айтып, ультиматумның мерзімін қысқартуға шешім қабылдаған.
«Мен бастапқыда Путинге өте кеңпейілділік танытып, 50 күн уақыт берген едім. Енді бұл мерзімді қысқартамын. Бүгіннен бастап 10-12 күннің ішінде нақты әрекет жасалуы тиіс», – деді Трамп.