Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы атмосфералық ауаны ластағаны үшін «Теңізшевройл» ЖШС-не 639,6 миллион теңге көлемінде айыппұл салды, деп хабарлайды «Тілші» облыс прокуратурасына сілтеп.
Прокуратураның мәліметінше, компания 2023 жылдың 3-4 тоқсандары мен 2024 жылдың 1-2 тоқсандары аралығында қоршаған ортаға рұқсат етілген нормадан асып кеткен 49,3 тонна ластаушы зат шығарған. Оның 4,9 тоннасы мүлдем экологиялық рұқсатсыз шығарылған.
Осыған орай, табиғат қорғау прокурорының қаулысымен «Теңізшевройлға» қатысты әкімшілік іс қозғалып, сот кәсіпорынға 639,6 миллион теңге айыппұл салды. Қазіргі таңда шешім заңды күшіне енді.
«Теңізшевройл» ЖШС – Қазақстандағы ең ірі мұнай өндіруші кәсіпорындардың бірі. Компания Атырау облысындағы Теңіз және Королев мұнай-газ кен орындарын игерумен, мұнай мен газ өндірумен, сондай-ақ күкірт өндірумен айналысады.