OpenAI компаниясы ChatGPT-де жаңа «оқыту режимін» (study mode) іске қосты. Бұл функция жасанды интеллектіні шынайы оқу құралына айналдыруды көздейді: енді ЖИ дайын жауапты бермей, материалды өз бетінше түсінуге көмектеседі.
«Оқыту режимі» деген не?
ChatGPT-дің оқыту режимінде пайдаланушы тақырыпты тереңірек меңгереді, себебі ЖИ дұрыс жауабын бірден айтпайды, сұрақтар, кеңестер және нақтылаулар арқылы бағыт-бағдар береді. Бұл процесте ChatGPT қолданушының деңгейі мен мақсатына бейімделіп, жеке оқыту траекториясын құрастырады.
30 шілдеден бастап «оқыту режимі» ChatGPT-дің барлық тіркелген қолданушыларына, атап айтқанда Free, Plus, Pro және Team тарифтерінде қолжетімді. Жақын арада ол ChatGPT Edu нұсқасында да пайда болады.
Мақсат — дайын жауап емес, ойлау машығы
OpenAI мәліметінше, ChatGPT бүкіл әлемдегі студенттер үшін танымал құралға айналғанымен, жылдам жауап алу оқуда пайдасыз болуы мүмкін деген алаңдаушылық бар. Сондықтан жаңа режим студентті «дұрыс жауабын табуға» емес, түсінуге, талдауға және ойлануға бағыттайды. Бұл тәсіл өзіндік рефлексияны, сыни тұрғыдан ойлауды, қызығушылықты дамытуға сеп болмақ.
«Бұл функция студенттің орнына жұмыс істемейді, керісінше, сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дамытады. Мұндай шешімдер – ЖИ-ді білім беру саласында дұрыс пайдалану жолындағы маңызды қадам», – дейді Common Sense Media-дағы ЖИ бағдарламаларының аға директоры Робби Торни.
Режим қалай жұмыс істейді?
Функция педагогтермен, зерттеушілермен және әдіскерлермен бірлесе әзірленген. Оның негізінде білім беру ғылымында дәлелденген тәсілдер жатыр: интерактивті кеңестер, құрылымдалған жауаптар, когнитивті жүктемені азайту және жеке қолдау.
Қазіргі таңда «оқыту режимі» алдын ала дайындалған нұсқауларға негізделген, бірақ болашақта ол модельдің өзіне тереңірек енеді, мүмкіндіктері де артады. Мысалы, күрделі тақырыптар үшін визуализация, мақсат қою және жеке прогресті қадағалау сияқты қосымша функциялар енгізілуі мүмкін.