Қазақстан Президенті жанынан жалған ақпаратқа қарсы әрекет ету орталығы ашылды. Ресми мәлімет бойынша, бұл орталықтың негізгі міндеті – азаматтарды жалған, теріс мақсатта тараған ақпараттардан қорғау, қоғамға нақты әрі тексерілген деректер ұсыну. Бұл туралы «Тілші» timesca.com-ға сілтеп хабарлайды.
Жаңа құрылым Орталық коммуникациялар қызметі аясында жұмыс істейді. Орталықтың мақсаты — ақпарат кеңістігіндегі жалған мәліметтерді анықтап, оны жоққа шығару және халықтың ақпаратты жауапкершілікпен тұтынуын қалыптастыру.
Қазақстанның географиялық орналасуы – Ресей мен Қытайдың арасында болуы – елдегі ақпараттық қауіпсіздік мәселесін одан әрі күрделендіреді. Әсіресе, Ресей мен Украина арасындағы жанжалдан кейін ақпараттық соғыстар үдеді. Қазақстан халқының басым бөлігі әлі де орыс тіліндегі медиаға сүйенетіндіктен, сырттан келетін түрлі мазмұндағы жалған ақпараттың ықпалы жоғары.
Алайда, қоғамда «жалған ақпарат» ұғымы қалай анықталады деген сұрақ та жоқ емес. Былтыр қабылданған онлайн-платформалар мен жарнама туралы заң аясында жалған ақпарат таратқандарға айыппұл салу қарастырылған еді. Бұл заң халықаралық ұйымдар тарапынан сөз бостандығына қысым болуы мүмкін деген ескертуге де себеп болды.
Соңғы жылдары Қазақстан өңірлік ақпараттық шабуылдардың алдыңғы шебінде тұр. Түрлі анонимді Telegram-арналар мен әлеуметтік желілерде елдің сыртқы саясаты мен ішкі тұрақтылығына нұқсан келтіретін, дақпырт пен жалған үрей тудыратын материалдар жиілеп кетті. Мемлекеттік органдар мұндай ақпараттық шабуылдарға қарсы күрес жүргізу үшін қоғам арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, арнайы мониторингтік жобаларды іске қосты.