Батыс Қазақстан облысында мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды. Бұл туралы «Тілші» Polisia.kz сайтына сілтеп хабарлады.
Криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында Бөкей ордасы ауданының Сайқын ауылында төрт күдікті қолға түсті. Тергеу дерегінше, олар 2024 жылдың қарашасынан 2025 жылдың 13 маусымына дейін қыстақтар маңындағы жайылымнан 49 бас ірі қараны айдап кеткен. Келтірілген залал шамамен 20 миллион теңгені құрайды.
Күдіктілердің мал ұрлығына қатысты кемінде төрт дерекке қатысы бар екені анықталды. Қазір алдын ала тергеу амалдары жүріп жатыр.
ІІМ мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мал ұрлығына қарсы күрес күшейтілген. Биылғы жеті айдың ішінде республика бойынша осындай қылмысқа қатысы бар 55 қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылған. Соңғы бес жылда мал ұрлығы 59,2%-ға азайған.