Ақтөбе облысында жол қауіпсіздігіне бағытталған рейд кезінде Қарғалы аудандық полициясы жеке тасымалмен айналысқан шетелдік жүргізушіні тоқтатты, деп хабарлайды «Тілші».
Тексеру нәтижесінде оның соңғы 11 айда жол қозғалысы ережесін 250-ден аса рет бұзғаны анықталды. Ең шектен шыққан күнінде — бір тәулікте 12 рет ереже сақталмаған.
Polisia.kz мәліметінше, негізгі құқықбұзушылық — жылдамдықты асыру. Бұл жолаушылардың өміріне тікелей қауіп төндірген. Жүргізуші Ақтөбе — Орск (РФ) бағыты бойынша жолаушы тасып жүрген.
Көлік арнайы тұраққа қойылды. Иесі оны барлық айыппұлдарын толық өтегеннен кейін ғана қайтара алады. Полиция әрбір құқықбұзушылық дерегі тіркеліп, заң бұзғандар міндетті түрде жауапқа тартылатынын ескертті.