Қазақстан Үкіметінде өткен Цифрлық штаб отырысында мемлекеттік органдардың барлық қызметкерлерін ұлттық мессенджер Aitu-ға көшіру туралы шешім қабылданды. Бұл жұмыс биылғы жылдың 15 қыркүйегіне дейін аяқталуы тиіс, деп хабарлайды «Тілші» Primeminister.kz сайтына сілтеп.
Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы қаралды. Жиында төрт негізгі мәселе талқыланды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев баяндама жасады.
Цифрлық штаб қабылдаған шешімдер:
- мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялаудың кешенді жоспары бекітілді;
- жасанды интеллект үшін деректер жиынтығымен жұмыс істеу регламенті қабылданды;
- мемлекеттік деректерді Smart Data Ukimet платформасына біріктіру мерзімдері белгіленді (1 қыркүйекке дейін — жаңа хештеу әдісі бойынша интеграция, 1 желтоқсанға дейін — барлық деректерді толық көшіру);
- 15 қыркүйекке дейін мемлекеттік органдар қызметкерлерін ұлттық мессенджер Aitu-ға көшіру міндеттелді.
Премьер-министр Бектенов қабылданған құжаттарды сапалы және уақытылы жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті:
— Мемлекет басшысы Қазақстанды Еуразиядағы цифрлық хабқа айналдыруды басты мақсат етіп қойды. Бүгінгі шешімдер барлық мемлекеттік органдар үшін міндетті. Нәтиже ақпараттық қауіпсіздікті арттыруға және мемлекеттік аппараттың тиімділігін көтеруге бағытталған, — деді ол.
Неге бұл маңызды?
Жаңа кешенді жоспар мемлекеттік органдардың 224 ақпараттық компонентін біріктіреді. Бұл интеграцияға кететін уақытты қысқартып, жүйелердегі қайталануды жояды.
Қазіргі таңда «электрондық үкімет» архитектурасында 355-тен астам ақпараттық жүйе мен веб-ресурс жұмыс істейді.
Smart Data Ukimet платформасына негізгі мемлекеттік деректер базасы жинақталады.
Aitu мессенджерін сынақтан өткізу Цифрлық даму министрлігінде сәтті өткен. Енді ол барлық мемлекеттік орган мен квазимемлекеттік секторға енгізіледі.
Президенттің тапсырмасы
Еске сала кетейік, жасанды интеллектіні дамыту мәселелері бойынша өткен кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметкерлердің коммуникацияларын ұлттық мессенджерге көшіруді тапсырған еді:
— Қазақстанда әзірленген Aitu мессенджері қажетті қауіпсіздікті қамтамасыз ете алады. Үкімет барлық дербес деректерге қатысты байланыстарды осы қорғалған ұлттық жүйеге көшіруді қарастыруы тиіс, — деген болатын Президент.